21 мың теңгені заңсыз алғандар қаржыны мемлекетке қайтарады
Kyzylorda-news.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындап, төлеу қағидасына енгізілетін өзгерістерді әзірледі. Жоба 3-ші қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп жазады Informburo.
Қолданыстағы қағидаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз, не артық алғандар ерікті түрде, бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтаруы тиіс. Еңбек министрлігі үкіметтің қаржысын қайтарып алу қағидасына қатысты құжатқа жаңа бөлім енгізіпті. Оған сәйсек, егер атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында азаматтардың жалған ақпараттарды беру деректері анықталса халықты жұмыспен қамту орталығы немесе жергілікті әкім бұл туралы жазбаша түрде бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға ескертуі тиіс. Бұдан соң уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алушыға артық қаржыны ерікті түрде қайтару туралы жазбаша хабарлама жолдайды. Хабарлама жіберілген күннен бастап жәрдемақы төлеу тоқтатылады.
Егер жәрдемақы алушы хабарлама алғаннан кейін бір айдың ішінде негізсіз алған қаражатын Үкіметке ерікті түрде қайтармаса, құзіретті орган сотқа жүгінеді.
Жобада атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасының еңбекке жарамды жастағы мүшелерін жұмысқа орналастырудан бас тарту жағдайын реттеуге арналған өзгерістер де қарастырылған. Бұған қоса өзгерістер енгізілген жаңа құжатта жәрдемақы төлеу мерзімінің аяталатын кезі туралы да жазылған.