ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы. Бұл экономикалық, саяси жаңғырудан кем түспейтін маңызы зор бастама. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Елбасы мақаласының қоғамда қызу талқыға түсіп, өзіндік жан-жақты қолдау табуы әрбір қазақстандықтың ел тағдырына көз жұма қарамайтындығының айғағы деуге болады. Бұған дәлел, республиканың әр аймағында рухани жаңғыру мақаласы аясында түрлі шаралар мен жиындар, игі бастамалар жүзеге асуда.
Ел Президентінің бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері біздің ауданда да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Әр жерде, білім беру мекемелерінде, жастар ұйымдарында мақаланың мәні мен маңызын түсіндіру бағытында келелі жиындар өткізілді. Жаңғырудың алғашқы баспалдағы саналатын латын әліпбиіне көшу бастамасы да Жалағаш ауданының халқын бейжай қалдырған емес. Білім саласының мамандары ұсынылған әліпби нұсқасының тиімді жақтарының көп екендігін айтып, қолдау білдірді. Сонымен бірге, жаңғырудың негізі салт-дәстүрлерді халық жадында қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында да айтулы шаралар ұйымдастырылып келеді.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елбасы айтпақшы, бүгінгі жас буын болашақты жасайтын бүгініміз. Еліміздің келешегі, ертеңгі өміршеңдігі жастардың қолында. Осы орайда, жуырда аудан орталығында аудан жастарын жұмылдырған «Жастар – туған жерге» атты аудандық жастар форумы өтті. Форум аясында Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасынан, облыстық жастар ресурстық орталығынан арнайы ІТ мамандар келіп, жергілікті жастармен кездесулер өткізді. Кездесуде Елбасы мақаласындағы көзделген мақсатты жүзеге асыру жұмыстары мен ХХІ ғасырдың жаңа мүмкіндіктері жөнінде айтылған болатын. Сала мамандары өз кезегінде аудан жастарын ақпарат саласының қыр-сыры мен ақпараттық технологияның қайда, қалай қарай бағыт алып бара жатқандығын түсіндірді. Аудан жастары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандардың берген ақпаратын мұқият тыңдаған болатын. Бір байқағаным, қазіргі жастар жаңа ғасырдың мүмкіндіктерін меңгеруге ынталы екендігі. Бұл да болса, еліміздің келешек тұтқасын ұстар жастардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына мол мүмкіндік береді.
Ерхан БАҚБЕРГЕНҰЛЫ,
«Жалағаш аудандық Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның директоры.