Полицейді ұрған шиелілік тұрғын 3 жылға сотталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада полиция қызметкеріне қол көтерген жігіт бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл Шиелі ауданының тұрғыны Қызылорда қаласында телефон ұрлығы бойынша полиция қолына түсті. Дәл сол сәтте ол полицияға қарсылық көрсетіп, оған дене жарақатын салған.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 380-бабының 1-бөлігімен бойынша сотқа дейінгі тергеу жүрді. Тергеу барысында бұл азаматтың биыл 15 мамырда Шиелі ауданы тұрғынына күш көрсетіп, ұялы телефоны мен ақшасын тартып алғандығы анықталды. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Екі дерек бойынша қылмыстық іс құжаттары сотқа жолданған», - деді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Аталмыш қылмыстық іс бойынша Қызылорда қалалық соты үкім шығарды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетсек, биыл Қызылорда қаласы полиция басқармасында билік өкіліне бағынбауы және оларға қарсы күш қолданудың 9 дерегі тіркелген.