Азаматтық хал актілерін тіркеу саласына өзгерістер енді
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Президентімен 2019 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойылды.Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, құжат айналымын қысқарту, сондай-ақ, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Кодексінің 50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар, «Эксаумақтық қағидаты бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу саласында мемлекеттік қызмет көрсетуді және Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған баланың тууын мемлекеттік тіркеуді пилоттық режимде іске қосу туралы» Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, сыртқы істер министрінің бірлескен бұйрығы енгізілді.
Бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда азаматтық хал актісін тіркеу туралы азаматтарға қайтадан берілетін куәліктер, тууды, қайтыс болуды тіркеу, әке болуды анықтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуына байланысты тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізу, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде жіберілген қателерге байланысты қайтадан куәліктер беру мемлекеттік қызметі эксаумақтық қағидаға сәйкес жүзеге асырылуда.
Мысалы, құжаттарын жоғалтқан жағдайда, азамат қай аймақта тұратына, туған жеріне қарамастан,кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады.
Ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды (сот шешімдері, медициналық анықтамалар, Қазақстан Республикасында тіркелген актілер туралы ақпарат және т.б.) азаматтармен мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды.
Бұған дейін ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, немесе содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды. Азаматтар АХАТ органдарына бару қажеттілігінен босатылды.
Конституцияда және Кодексте кепілдік берілген отбасы құпиясын, бала асырап алудың, баланың шығу тегінің құпиясын сақтау мақсатында әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу, бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу тараулары алынып тасталды. Бұл ретте, баланың жеке және ата-анасы туралы деректері туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі.
Ата-аналардың таңдауы бойынша SMS-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеу мүмкіндігі заңнамалық түрде реттелді.
Сонымен қатар, бала перзентханада туылса, тууы туралы дәрігерлік куәліктің негізінде (анасының жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген) анасының жеке басын куәландыратынқұжатының болмауына қарамастан, нәрестеге міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі.
Бүгінгі таңда шетелде туылған баланың туу туралы мәлімет ақпараттық жүйелерде жоқ, себебі туу туралы куәлік шетелдің тіркеуші органдарымен берілген.
Шетелде туылған балалардың тууын тіркеуге негіз болатын құжаттардың тізімі кеңейтілді.
Осыған орай, егер баланың ата-анасы Қазақстанның туу туралы куәлігін рәсімдегісі келсе, олар қалауы бойынша тіркеуші органға барып, шетелде берілген туу туралы куәлікті (қажет болған жағдайда апостиль мөрі қойылған немесе заңдастырылған) ұсынса жеткілікті. Баланың нақты туылған жері көрсетіліп, жаңа туу туралы куәлік алу мүмкіндігі қарастырылған.
Аталған өзгерістер балалардың мүддесін қорғауда балаларға қатысты толыққанды мемлекеттік қызметтерді: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу, қарыз жүктемесін алып тастау және т.б.алуға мүмкіндік береді.
Г. ЕЛЕУСІЗОВА,
Қызылорда облысының Әділет департаментінің
тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз
және бақылау бөлімінің бас маманы