Жазасын өтеп келген қазалылық тұрғын ағаш цехын ашты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік- құқықтық көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.Қазалы аудандық пробация қызметі мен аудандық жұмыспен қамту бөлімі пробация есебіндегі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсын 4 сотталған азаматты тегін оқытты. Бір айлық курсты аяқтап, сертификат алған қазалылық азаматқа жаңадан бастаған кәсіпті қолдау мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 252 500 теңге қайтарымсыз грант берілді. Жеке кәісбін ағаш өңдеу цехын ашудан бастаған азамат Қазалы ауданында кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазіргі таңда кеңсе үстелдеріне, үй жиһаздарына тапсырыстар алған. Әзірге өзі ғана жұмыс жасайды.
«Біз сияқты аяғын шалыс басқан азаматтарға мемлекеттің беріп отырған осы мүмкіндігін уақыт жоғалтпай тиімді пайдаланып, «Бастау Бизнес» жобасын тегін оқып сертификат алдым. Мемлекеттен қайтарымсыз 252 500 теңге грант берді. Ағаш өңдеу цехын ашсам деген мақсат болды. Кәсібімді ашып, тапсырыстар қабылдап жатырмын. Осыншама көмек беріп жатқан мемлекетімізге, Президентімізге рахмет, бізді қоғамнан сотталған деп бөлмей, көмек беріп жатқанына» - дейді пробация есебінде тұрған қазалылық тұрғын.
Айта кетейік сертификат алған 3 сотталған аудан тұрғыны өз кәсібін ашу мақсатында несие алу үшін тиісті құжаттар дайындап жатыр.