Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев журналистермен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Рухани жаңғыру орталығында Сыр журналистерімен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты тілшілер қауымының ой түрткісінде жүрген түйткілді мәселелерді ортаға салып, шешімін табу болатын.
«Заман ағымына сай дамудың жаңа жолына түскен медиа саласы бәсекелестік ортаны қалыптастыру, жаңа технологиялар мен дәстүрлі журналистиканы ұштастырған алып индустрияға айналды. Оның бір дәлелі біздің жергілікті телеарналардағы жаңа форматтағы бағдарламалар мен интернет басылымдардың қатарының көбеюі. Арзан ақпаратты желеу еткен сенсация емес, халықтың көкейтесті мәселесін жеткізу, сол арқылы байыбына барып бағасын беру, ең бастысы - елдің бірлігі мен берекесін сақтап, халық пен биліктің бағытын бір арнада тоғыстыру секілді абыройлы міндетті арқалаған бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегіне халықтың берер бағасы да ерекеше екенін баса айтты», - деді әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Одан әрі сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев журналистер қауымы атынан қала дамуына бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізе отырып, «Журналистер аллеясын» ашсақ, қаламызға танымал еңбегі сіңген тұлғаларымызға көше атаулары берілсе деген өз ұсынысын жеткізді.
Сыр журналистері атынан қаланың көгалдануына үлес қосу ұсынысына қала әкімі қолдау білдіріп, бұл істің жуық арада қолға алынатынын айтты.
Кездесу барысында «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Омаров шойын жолдың арғы бетінде балаларға арналған ойың алаңдары жоқ екенін айтып, осы мәселе де өз шешімін тапса деген ниетін білдірді. Аталған мәселе бойынша қала әкімі теміржолдың арғы бетінен 2 ойын алаңын салуға мүмкіндік бар екенін айтты.
Кездесу соңында шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев барлық ұсыныс тілектерді қабылдай отырып, Сыр өңірі қаймағы бұзылмаған тіл мен рухтың, қазақылықтың нағыз ортасы майталман журналистердің үздік ұстаханасы екенін және өз кезегінде сіз болып біз болып бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенімдімін деп қорытындылады.