ҚЫЗЫЛОРДАДА БАТЫРХАН ШӨКЕНОВКЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛАДЫ
Биыл Қызылордада белгілі эстрада әншісі Батырхан Шөкеновке ескерткіш орнатылып, облыс орталығында «Отан ана» атты республикалық конкурс ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді.
- Өткен жылы белгілі музыкантқа қойылатын ескерткішке конкурс жарияланып, оның нәтижесінде талантты суретші әрі мүсінші Марат Мансұровтың жобасы таңдалып алынды, - деді Руслан Рүстемов.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуованың айтуынша таланты әнші ескерткішіндегі архитектуралық образ «Отан Ана» клипінен алынып отыр.
- Жобаның жалпы құны 38 миллион теңге. Әзірше ескеркіш қойылатын аумақты таңдап жатырмыз. Осы мамыр айында оның ашылуы болады. Алдын ала жасалған келісім бойынша оған «А’Студио» тобының қатысуы жоспарланып отыр, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, биыл облыстық филармонияның өнерпаздары Татарстан Республикасына гастрольдік сапармен барады. Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Астаналар фестивалі» атты Қазақ елінің астаналары театрларының фестивалі өткізіледі.
«Парасатты поэзия» атты халықаралық фестивалін Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде өткізу жоспарлануда. Түркі әлемінің абызы Қорқыт баба мұраларын насихаттау мақсатында қобызшылардың «Қорқыт.Қобыз» атты республикалық конкурсы да ұйымдастырылмақ.