ЭЛЕКТРОНДЫ САУДАҒА ЖЕҢІЛДІК БАР
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа салық кодексі электронды алаңда сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін жеңілдік ұсынып отыр. Интернет-дүкендер арқылы сауда жүргізетін заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан, ал дара кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Электронды алаңда сауда жасайтындар табыс салығынан жеңілдікті алу үшін үш шартты сақтауы тиіс: біріншіден, есеп айырысу қолма қол төлемсіз жүргізіледі; екіншіден, сатып алушымен келісім онлайн тәртіпте жасалуы керек; үшінші шарт – кәсіпкердің тауарды тасымалдауға, салып жіберуге және жеткізіп беруге құзыретті өз қызметі болуы керек немесе осындай қызметті жүзеге асыратын тұлғамен келісім шарты болуы керек.
Бұл талаптар кәсіпкерге интернет алаңында өз бизнесін заңды жүргізуге мүмкіндік бере отырып, сатып алушының да мүддесін қорғайды.
Ендігі бір маңызды талап – жеке тұлғалармен жасалған электрондық саудадан тапқан табысы жылдық жиынтық табыстың 90 пайызынан кем болмауы керек.
Электронды сауданың дамуы – төртінші өндірістік революция кезеңіне, яғни технологиялық, экономикалық және әлеуметтік зор өзгерістерге қадам жасап отырған Қазақстан сияқты мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Интернет арқылы тауар алуды таңдаған сатып алушыларға, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталынан (kgd.gov.kz) интернет-сауданы заңды жүргізетін тұлғалар тізімін көруге болатынын ескертеміз.