«ЖАС ОТАННЫҢ» ЖАҢА КЕҢСЕСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздегі басты саяси күштің жұмысын жаңғырту жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Соған орай «Нұр Отан» партиясы бірқатар тың бастамаларды табысты жүзеге асыруда. Олардың қатарында «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысындағы оң өзгерістер де бар.
Жалпы партиялық жаңғыру «Жас Отандағы» күрделі өзгерістермен басталды деуге толық негіз бар. Бүгінде аталған құрылым қалыптасқан басқару жүйесінен бас тартып, жастар ұйымына сай еркін негізге көшірілді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жастардың шығармашылығын шыңдайтын, ойын тынықтырып, жаңа жобаның жай-күйін талқылайтын арнайы орын да пайда болды.
Бүгін жаңғыру аясында қайта жасақталған «Жас Отанның» жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға «Нұр Отан партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, «Жас Отанның» тың бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол жасотандықтардың жаңа жобаларының табысты жүзеге асырылуына партия тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
– Елбасы атап өткендей, «Жас Отан» барлық жастар ұйымдарының басын қосып, Қазақстан жастары мен барша саяси инновациялардың ұйытқысы болуы керек. Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Төрағасы «Нұр Отан» партиясымен қатар оның Жастар қанатының да жұмысын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондықтан биыл жасотандықтардың алдында аса маңызды сынақ – «Жас Отанның» IV съезін өткізу міндеті тұр. Біздің жастарымыз бұл сынақтан сүрінбей өтіп, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шығады деп есептеймін. Өйткені, жастар біздің қоғамның ең белсенді, арманшыл, өршіл, өкілдері, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Салтанатты рәсімнің «ашық есік» форматында өткізілуіне байланысты «Жас Отанның» жаңа кеңсесімен және жаңа бағыттағы жұмыс барысымен танысуға кез келген азамат мүмкіндік алды. Жастар қанаты құрылған күннен бастап оның жұмысына алғаш рет толықтай жаңғырту үдерісі жүргізілуде. Өйткені кеңседен басқа да атқарылған игі істер аз емес. Мәселен өткен жылдың желтоқсан айынан бастап барлық қызметкерлер тестілеуден өткізілді. Сынақтан сүрінбегендер ғана қайта жұмысқа алынып, бос қалған орындарға ашық байқау жарияланды. Соған сәйкес қаңтар айының соңына дейін білімді де білікті, «Жас Отанда» жұмыс істегісі келетін жастар қызметке қабылданбақ. Осы ретте «Жас Отанның» барлық өңірлік филиалдарында да аталған тың бастамалар қолға алынғанын атап өткен жөн. Нақты айтқанда, облыс орталықтарындағы бөлімдерге қосымша жұмыс күші беріліп, жастар ұйымы белсенді жас мамандармен толығуда.
«Жас Отанның» жұмыс жүйесінде де ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болды. Бұрынғы жүйе енді «Жүрек», «Даму» және «Сана» деп аталатын үш басты бағыт-бағдарға ауыстырылды. Соған сәйкес «Жүрек» бағыты бойынша «Жас Отанның» жобалары жүзеге асырылмақ. Ал «Даму» арқылы Қазақстан бойынша барлық жасотандықтармен жұмыс жүргізілсе, «Сана» бағыты ұйымның идеологиялық жұмысын жүйелейді.
Маңызды өзгерістердің тағы бірі ретінде «Жас Отан» Жастар қанатының бағытын айқындайтын жоғары өкілетті орган Орталық кеңес мүшелері сайлауының жариялануын айтуға болады. Осы уақытқа дейін өнер мен спорттағы белгілі жастардан құралған кеңес енді әр аймақтың белсенді жастарынан сайлау арқалы қайта жасақталады. Одан бөлек, бұдан былай «Жас Отан» мүшесі атанғысы келген әрбір жас азамат еліміздің кез келген жерінде отырып-ақ онлайн тіркелуге мүмкіндік туды.
Бұл оң өзгерістер мен тың бастамалар «Жас Отанның» жастарға жақындығын, жаңа ұсыныстарға ашықтығын, белсенді жандарға қолдау көрсетуге қашанда дайын екендігін және еліміз бен әлемде болған оқиғаларды әрдайым ой елегінен өткізіп, жаңалықтар мен жаңғыруларға бейімдігін айқын көрсетеді.