«ЗЕРДЕ» КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Осы жылдың 29-31 қаңтар күндері «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 1-7 сынып оқушыларының арасында зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының ХІІІ республикалық «Зерде» конкурсы өтті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген данышпан Абай Құнанбаев адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келген.
Конкурстың негізгі мақсаты – зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады. Әрбір бағыт бойынша зерттеу жұмыстары теориялық, эксперименттік негізде өтті.
Конкурсқа Қызылорда облысынан 8 секция бойынша 17 оқушы қатысты, оның 11-і Қызылорда қаласы мектептерінен. Ғылыми жоба үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдері) жүргізілді. Конкурстың қорытынды кезеңіне республикамыздың түкпір-түкпірінен оқушылар жиналды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер республикалық «Дарын» орталығының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ Алғыс хаттармен марапатталды.