Қызылорда облысында өнім өндіру 3,5%-ға артқан
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 2020 жылдың 9 айында өнім өндіру 3,5%-ға артып, пайдалануға берілген тұрғын үй саны да көбейген. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова елордадағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте мәлімдеді.«Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру осы жылдың 9 айының қорытындысымен 3,5%-ға, ауыл шаруашылығында 3,1%-ға артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ға (45-тен 47,4 мыңға дейін) өсті», – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі биыл Сыр өңірінде 485 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артық.
Сонымен қатар, өңірде өткен жылға қарағанда инвестиция көлемі 69,5%-ды құраған.
«Төмендеудің объективті себептері бар. Өткен жылы бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыру аяқталды, олардың үлесіне жылдық инвестициялар көлемінің шамамен 30%-ы тиесілі болды. Биыл енгізілген шектеулерге байланысты жалпы экономикаға инвестициялар көлемі қысқарды, бұл құрылыс жұмыстарының көлеміне де әсер етті (50,8%)», – деді бұл тұрғыда Г.Әбдіқалықова.

























