Қызылордада 7 ұрлыққа қатысы бар жасөспірімге сот үкімі шықты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 7 ұрлық жасаған жасөспірім сот үкімімен 2 жылға ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберілді.
2004 жылы туған жасөспірім Қызылорда қаласында үй-жайлардан, қоймалардан, автокөліктерден барлығы 7 ұрлық қылмысын жасағандығы анықталды. Қызылорда қалалық Полиция басқармасымен тергеп-тексеру амалдары аяқталып, тиісті шешім қабылдау үшін облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Сот үкімімен кәмелетке толмаған сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2,3 тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. ҚК-нің 63-бабына сәйкес, тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналып, пробациялық бақылау тағайындалған.
Сонымен қатар ҚК-нің 84-бабының 1-бөлігінің 5-тармағының талаптарына сай кәмелетке толмаған сотталушы 2 жыл мерзімге ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыру тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Үкім ағымдағы жылдың 7 ақпан күні заңды күшіне енген.
Үкімді орындаудан жалтарған кәмелетке толмаған сотталушы, тұрғылықты мекен-жайынан белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Қызылорда ҚПБ ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен іздестіру барысында кәмелетке толмаған Шымкент қаласынан табылды.
Қазіргі таңда кәмелетке толмаған сотталушы Шығыс-Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Үлкен Бөкен ауылында орналасқан ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернатына орналастырылды. Оған қатысты пробациялық бақылау белгіленген мерзімі ішінде Көкпекті аудандық пробация қызметі жүргізетін болады.