Қызылордадағы ауыл мұғалімі «Қазақстанның үздік ұстазы» атанды
Kyzylorda-news.kz. Республиканың әр өңірінен жиналған үздік ұстаздар ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді. Үздіктердің қатарында Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы №249 мектептің ұстазы Жәмилә Әбжан құрметке бөленді.
Тәжірибелі ұстазға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов салтанатты түрде марапатты табыстады. Үздік ұстаз 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы иеленді. Яғни, сырбойылық ұстазға 2 млн 700 теңгенің сертификаты берілді.
Жәмилә Әбдінағиқызы – жоғары санатты педагог-зерттеуші. Білім Беру Ісінің Құрметті қызметкері, республикалық Білім Академиясының Құрмет грамотасының, халықаралық АКСЕЛС қоғамының Құрмет грамоталарының иегері. Педагогика саласында 32 жыл еңбек өтілі бар білікті ұстаз.
«Үздік Ұстаз» , «Үздік авторлық бағдарлама» жинақтарының авторы.
Жәмилә Әбдінағиқызы – Америка Құрама Штаттарының елшілігі мен Қазақстан Білім Министрлігі ұйымдастырған ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің сайысында жүлдегер атанып, АҚШ елінің ұстаздарымен тәжірибе алмасуға жолдама алған ұстаз.
Шәкірттері халықаралық АКСЕЛС қоғамы ұйымдастырған сайыстың жеңімпазы ретінде АҚШ-та білім алған. Оқушысы Н.Оңдасов «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ирландияның Дублин қаласында білім алуда. Оқушылары ҰБТ көрсеткіші бойынша жыл сайын жоғары балл жинақтап, мемлекеттік грант иегері атануда.
Аймақ абыройын асырып, биік белеске шыққан ұстазды марапатымен құттықтаймыз!