Биыл Қызылорда облысындағы ауылдар газдандырылады
Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысындағы бірқатар ауыл көгілдір отынға қол жеткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның ішінде Жаңақорған ауданының Бірлік және Қыраш елді мекендері де бар. Бұл мақсатқа былтыр 20 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жобасы әзірленген. Оның ішінде жоғары қысымды газ құбырын салу және ауылішілік газ жүйесінің құрылысы қамтылған. Алдын ала есептеулер бойынша жалпы құны 700 миллион теңге. Сондай-ақ алдағы 2 жылда ауданның солтүстік беткейіндегі 8 ауылды да газға қосу көзделген. Ал Жаңақорған кентін газдандыру көрсеткіші бүгінде 40% шамасында. Яғни 5 мыңнан астам тұрғын үй мен 150-ге жуық әлеуметтік нысан ілеспе газдың игілігін көріп отыр.
«Көмірді аласың, тазалайсың, саласың, ауа райы суық болса, суып кетеді. Газ бірқалыпты, ешқандай суымайды, керегін қоясыз, жоғары-төмен. Көмірге қарағанда айырмашылық көп. Жақсы жанады. Үйге жылу жақсы береді», – дейді Жаңақорған кентінің тұрғыны Қайрат Арынов.
«Сонымен қатар біздің ауданның солтүстік беткейінде орналасқан 8 елді мекен бар. Ол елді мекендерге газ құбыры көршілес Шиелі ауданында салынған газ тарату стансасынан алынады. Соған байланысты біз облыстық бюджеттен бүгінгі күні осы жобаға смета жасауға, жобаның техникалық негіздемесіне қаражат алдық. 3 мың отбасы, 17 мың халық газбен қамтамасыз етіледі», – дейді Жаңақорған аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев.