Рахима Ахметова: Аналар кеңесінің жұмысы мазмұнды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысын тікелей эфирден көрдім.
Меніңше, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде бұл бүгінгі күннің ерекше оқиғасы болды. Алқалы жиында салмақты, өзекті мәселелер мемлекет деңгейінде талқыланды. Ертеңгі күнімізге жаңа серпін берілді деп айтуға болады.
Бірінші кезекте, Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы беделі мен рөлін арттыру басты назарда екені айтылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдарының – этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің, қоғамдық Келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмыстарын алдағы уақытта жандандыру қолға алынады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңестерінің атқарылған жұмыстары туралы есебі мазмұнды, ал алға қойған мақсаттары нақты болды.
Ана – ұрпақ тәрбиешісі, ұлттың ұяты, қоғамның қозғаушы күші. «Отан отбасынан басталады», «Ұлт болам десең – бесігіңді түзе» деген қағидаларды негізге ала отырып, аналардың ұрпақты Отаның сүюге, тілін құрметтеуге, өмірдегі жолын тауып, масылдықтан бойын аулақ ұстауға тәрбиелеуге міндетті екені кесіп айтылды.
Осы ретте, біз, Сыр елінің аналары, Мемлекет басшысының кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын іске асыруға күш-жігерімізді аямай атсалысамыз.
Отан бәріміз үшін ортақ! Берекелі бірлікті сақтау әрбір қазақстандықтың парызы екенін ұмытпайық!
Рахима Ахметова,
Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы