Зияткер оқушылардың экспедициясы қола дәуіріне саяхаттады
Kyzylorda-news.kz. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ең қызықты жобалардың бірі — «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы жүріп жатыр.
Бес күнде қызылордалық зияткерлер Сыр өңірінің тарихи, мәдени және инновациялық дамуын зерттемек. Атап айтқанда, оқушылар экспедициясы Ақмешіт-Перовсктің сырымен, Сығанақ, Сауран көне қалашықтардың тарихи деректерімен, Қаратау бөктеріндегі қола дәуіріне жататын петроглифтермен, Байқоңыр ғарыш айлағымен, еліміздің ең көрікті Нағи Ілиясов ауылымен және ескерткіш нысандарымен жан-жақты танысатын болады.
Айта кетейік, «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы — Зияткерлік мектептердің патриоттық тәрбие беруде маңызы зор дәстүрлі жобасы. Жыл сайын NIS-тің үздік оқушыларынан құралған экспедициялық топ еліміздің түрлі аймақтарына саяхаттап, сол жердің табиғатын, мәдениетін, тарихи ескерткіштері мен архитектуралық нысандарға зерттеу жүргізіп, ғылыми жаңалықтар ашуға ұмтылады.
Өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында қызылордалық зияткерлер Ақ орданың астанасы болған , ортағасырлық қалалардың бірі Сауран қалашығына саяхаттады. Бұл орталық – көне тарихтың теңдесіз ескерткіші. Экспедиция барысында оқушылар қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Сауран қалашығындағы көне үйлерді, мешітті көзбен көріп, жергілілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы ақпарат алды.
«Бұл жерде біз сол заманда билеген хандар жайында мағлұмат алдық. Сонымен қатар бұл қала сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болғанын байқадық. Үлкен қақпалар арқылы қала орталығына кіріп, құнды деректер жинадық. Мұндай жобалар біздің тарихымызды танып білуде ықпалы зор», – дейді экспедицияға қатысушы 11-сынып оқушысы Айгерім Серікбайқызы.
Сонымен қатар экспедиция барысында оқушылар Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде болды. Бұл жерде көне қалалардан табылған қыш ыдыстар, көне теңгелер секілді ең құнды жәдігерлерді кездестіруге болады. Жалпы, бұл мұражайда 8600 – ден астам экспонат бар.
«Туған елге тағзым» экспедициясы аясында қызылордалық зияткерлер өңірдегі «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтерге зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Шиелі ауданында орналасқан Қаратау тау жоталарының жартастарындағы қола дәуірінен қалған суреттерде антропоморфтық бейнелер, арбалар, аңшылық сюжеттері мен солярлық таңбалар кездеседі. Тарихи ескерткішпен танысу барысында жас зияткерлер антропогендік, техногендік және табиғи факторлардың әсерінен оның жойылу үстінде екенін байқады. Және де бұл мәселені шешуде өз идеяларын ұсынады.
«Сауысқандық петроглифтері» электронды базасын құру және виртуалды музей әзірлеу ойға келді. Бүгінгі экспедиция барысында біз қажетті деректер жинап, мол ақпарат алдық. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз», – дейді 9-сынып оқушысы Еркін Ағзам.