Қызылордада көлігіне қысылып қалған жүргізуші құтқарылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында құтқарушылар тұрғын үйдің моншасына соғылған жүк көлігінде қысылып қалған жүргізушіні арнайы құрылғымен құтқарды.
Оқиға облыс орталығында орналасқан «Саяхат» шағын ауданындағы Айдосов көшесінде болған. «Shacman» жүк көлігі тұрғын үйдің моншасына соғылып, жүргізушісі көлік ішінде қысылып қалған. Оның шығарып алу үшін оқиға орнына құтқарушылар шақырылды.
«Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 1 техника мен 5 қызметкер барды. Мамандар қысылып қалған азаматты арнайы құрылғының көмегімен аман алып шықты. Ол жедел жәрдем қызметіне табысталды», – деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.