СҰЛУЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК МЕРЕКЕСІ
Көңілдерге қуаныш пен шаттық сыйлай келетін көктем – аяулы аналарымыз бен әпке-қарындастар үшін ерекше мезгіл. Себебі, сұлулық пен әдеміліктің, жарасымдықтың жаршысындай – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қатар келеді. Мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Ана–өмір шәрбаты, Ару–әлем сымбаты» атты салтанатты шара өтті. Ғасырдан асқан Жонай Таңымбетова батасынан бастау алған мерекелік кешке аудан әкімі М.Оразбаев қатысып, өз лебізін білдірді.
Әйелдер қауымының қуанышты сәтіне құттықтауын білдірген аудан әкімі мереке иегерлеріне денсаулық пен бақ-береке, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Салтанатты шара одан әрі аудан дамуына үлес қосып, елеулі еңбегімен көзге түскен, өз саласында үздік атанған бірқатар қыз-келіншектерді марапаттау рәсіміне ұласып, марапат иелеріне аудан әкімінің алғыс хаты мен «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облысытық филиалының алғысы табысталды. Сондай-ақ, мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.