Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖОБАЛЫҚ БАСТАМАЛАР ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АЙНАЛДЫ

ЖОБАЛЫҚ БАСТАМАЛАР ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АЙНАЛДЫ

Бейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жобалық басқару бойынша сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Онда осы бағыттағы жұмыс қорытындылары және алдағы міндеттер талқыланды.
Жобалық басқару аясында І тоқсанда атқарылған жұмыс жөнінде алдымен облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким баяндады. Оның айтуынша, барлық мақсатты көрсеткіш орталық мемлекеттік органдар штабымен келісілген. Сонымен қатар, өңірлік жобалық бастамалар әзірленіп, үйлестіру штабына ұсынылды.
Базалық индустрияландыру бағытында қазіргі күні құны 359 млрд теңгені құрайтын 4 жобалық бастама жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда 2,7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты 3 жобаны қамтиды. Олар – агроөнеркәсіп субъектілері үшін қаржының, сауда нарығының қолжетімділігі және экспортты дамыту, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін шет ел нарығына шығару және жаңа нарықты игеру.
Есепті кезеңде «Агробиржа» электронды сауда алаңын құру бастамасы аясында экспорт көлемін көбейту және өнеркәсіп инфрақұрылымын қамтамасыз етуге бағытталған сайт пайда болды. Енді оны тек тауар өндірушілермен толтыру қажет. Жыл аяғына дейін күрішті – 44%, етті – 27%, бақша өнімдерін – 20%, күнбағыс майының экспорт көлемін 5%-ке арттыру көзделіп отыр. Инвестиция тарту жобасы шеңберінде ет комбинаты, жылыжай, сүт-тауарлы фермасы, күріш зауыты сияқты бірқатар нысанның құрылысы жүргізіледі.
Сауда саласын жаңғырту бағытында облыс орталығында «АrayCitуMall» сауда және ойын-сауық орталығы салынып жатыр. Кешен осы жылдың екінші жартысында қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, бүгінде қалада «Сыбаға», «Жайна» базарлары жаңғыртылып, «Қорқыт» сауда орнының құрылысы жүріп жатыр.
– Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту, инвестиция тарту бағыттары аймақ үшін аса маңызды. Шағын несиелендіруге облыстық бюджеттен – 1 млрд, басқа көздерден 2 млрд теңге бөлініп отыр. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беріледі, – деді Евгений Ким.
Бизнесті жүргізуде кездесетін әкімшілік кедергілерді төмендету бағытында өңірде «Бір терезе» принципіне негізделген кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Жұмыссыздық пен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтар қатарын азайту мақсатында да бірқатар бастама қолға алынды. Атап айтқанда, биыл алғашқы тоқсанда 500-ден астам қызылордалық еліміздің солтүстік өңірлеріне көшіп баруға ниет білдірген. Еңбек ресурстары ағынын реттеуге кәсіпорындар да ықпал етуде. Жыл аяғына дейін 20-ға жуық ірі кәсіпорынмен осы мақсатта келісім жасау жоспарланған.
Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын цифрлық бағдарламаға көшіру бағытында аймақта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова үстіміздегі жылы тұрғындарға ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында мобильді қосымша қолданысқа енгізілгенін атап өтті. Мобильді қосымшаның мүмкіндігі мол. Атап айтсақ, тұрғындар дәрігерге алдын ала жазылып, үйге шақырып және емханаға жазылғаны туралы хабарлама ала алады. Тіпті, пациенттің зерттеу нәтижелерін емханаға бармай-ақ, қосымша модулі арқылы көруіне болады.
Сондай-ақ, бұл салада телемедицина жабдығы кешенін орнату жобасы қолға алынды. Жобаның құны – 21 млн теңге. Телемедицина жобасының тиімділігі неде? Жоба арқылы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артады. Дертінің диагнозын таппай, әр емхананың табалдырығын тоздырған науқастарға дәрігерлер жедел түрде кеңес беріп, шалғайдағы ауыл тұрғындарына мамандандырылған медици-налық көмек көрсетіледі. Басты мақсат – шұғыл көмек қажет ететін науқасты ажалдан арашалап қалу. Телемедицина жобасының тиімділігі артып, бүгінде диагноз нақтылап, электронды емделетіндердің қатары артып келеді. Еліміз бойынша кардиолог, педиатр, невролог дәрігерлердің бейнекеңесіне сұраныс көп. Демек, алыстағы елді мекендердегі дәрігер тапшылығын телемедицина арқылы азайтуға мүмкіндік бар. Телемедицина жабдығы кешені облыстық медицина орталығында орналасатын болады.
Жиын барысында облыстық тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасын әзірлеу жобасы ұсынылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуованың айтуынша, жоба «Цифрлық Қазақстан» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүзеге асырылады. Бүгінгі күні аймақта 286 ескерткіш бар. Оның 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында. Осыған дейін аталған нысандар туралы ақпараттарды облыс әкімдігінің ресми-интернет ресурсы, геопортал, облыстық мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің арнайы сайтынан таба алатын едік. Енді мәдени мұра, тарихи ескерткішті танып-білуге деген қолжетімділік артатын болады. Жоба бойынша облыс көлеміндегі 150 ескерткіштің 3D форматтағы ин-терактивті картасы жасақталады. Алдымен ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген ескерткіштер, кейін республикалық, жергілікті тізімдегі ескерткіштердің виртуалды нұсқасы жасалмақшы. Интерактивті картада ескерткіштер арнайы белгілермен бел-гіленген, қолданушы басқару нүктелері арқылы өзіне керекті ақпаратты ала алады. Ескерткіштің толық виртуалды моделін, барлық ракурсынан түсірілген бейнесін 3D форматта көруге болады. Бұл – тарихи мұраны көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезініп, толық танысуға мүмкіндік бар деген сөз. Картадағы мәліметтер үш тілде беріледі. Жоба барысында «Қызылорда ескерткіштері» атты сайт ашылады. Аталған жобаны жүзеге асыру кезінде далалық экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көпшілікке тың дерек, жаңалық ұсынуды мақсат еткен. Жобалар осы жылдың қараша айында іске қосылады. Осы кезге дейін министрлік тарапынан картаның жобасы жартылай әзірленген. Бұл республика бойынша тұңғыш жүзеге асқан тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D фор-маттағы интерактивті картасы болмақ.
Облыс әкімі жоба арқылы ауқымды аудиторияға бай тарихымызды таныстыру, мәдени мұрамыздың деңгейін бағалау аясы кеңи түсетінін айтты.
– Көптеген мәдени мұра объектілерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізбесіне енгізу мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2019 жылы бұл жұмыстар толығымен аяқталады. Бұл рухани жаңғыру жағынан да, ұлттық сана-сезімінің өсуіне, жастарды тәрбиелеу, туризмді дамытуға, мәдени мұрамызды дүниежүзіне насихаттауға септігін тиізеді, − деді.
Аймақта аграрлық сала бойынша білім алатын студенттердің кәсіби түрде шыңдалып, үздік тәжірибемен жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуда. Сала жұмысы алға бассын десек, жастар еңбекті қажет ететін аудандарға батыл барып, шеберліктің шыңына жетуге ұмтылуы тиіс. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Жоғары оқу орындары оқу бағдарламаларды жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналуы талап етіледі» деп айтқан болатын. Облыстық ветеринариялық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов осы тапсырма аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайын баяндады. Студент жастарды ветеринариялық шараларға тарту, озық тәжірибемен таныстыру жұмыстары қарқын алған. Ауылшаруашылық жануарларын аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егуге, емдеуге И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенттері көмекке тартылған. Демек, студенттер теорияны тәжірибемен байланыстырып, қызу еңбекке араласты. Осыған байланысты ветеринария бөлімшесін биыл бітіретін 41 студентке түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 36 студент жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бүгінгі таңда жоба кестесіне сәйкес, студенттер тұрғылықты мекен-жайындағы ветеринариялық ұйымдарда тәлімгерлерге бекітіліп, практикалық тәжірибеден өтуде. Сондай-ақ, агроколледжді бітірген студенттер жұмыс-пен қамту орталықтары арқылы 6 ай бойы жастар, практикасынан өтеді. Бұл жастарға біріншіден, қаржылай демеу болса, екіншіден, жас маман кәсіби түрде тәжірибе жинақтайды. Осы жоба бойынша 2019 жылы 36 жас маман тұрақты ветеринариялық қызметтерге орналастырылады. Нәтижесінде облыста эпизоотиялық тұрақтылықтың сақталуына, мал басының көбеюіне, экспорттық әлеуеттің артуына жас мамандар өз үлесін қосады.
Сараптамалық кеңес отырысы¬ның күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА
10 мамыр 2018 ж. 474 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области