ШЫҒЫСТЫҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бірі – Шығыстың жарық жұлдызы, бірі – Шығыстың шынары атанған, өмірден тым жас кетсе де елдік мұрат жолындағы істерге ерте араласып, кейінгі ұрпаққа мәңгі өнеге болған Ғани Мұратбаев пен Әлия Молдағұлованың өмір жолдарын насихаттаған жылжымалы көрме Қазалы ауданының халқына бір ай бойы қызмет етті.
«Ұлы даланың рухани мұрасы» атты жылжымалы көрменің жабылу салтанаты өтті. Шараға Ақтөбеден келген делегация, қала тұрғындары мен мектеп оқушылары, студенттер, музей жанынан ашылған «Өнеге» бірлестігінің мүшелері қатысты. Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының «Алғыс хаты» мен Ақтөбе қаласының тарихы баяндалған альбом және де Ұлы Отан соғысы батырлары құрметіне түсірілген «Естелік кітап» фильмі Ғ.Мұратбаев музейіне сыйға берілді.