ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ
«Туған жерге тағзым». Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мәні мен маңызын айшықтап берген осынау киелі ұғымды өміріне арқау етіп, жұртшылыққа үлгі боларлық игі істерді атқарып жүрген азаматтар аймағымызда көп. Солардың бірегейі туған ауылын түлету арқылы ауданның дамуына үлес қосуды мақсат еткен елжанды азамат Қайрат Нұрсейітов.
Ол Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылының тумасы. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Қайрат Болатұлы бүгінде ауылдастары үшін көз сүйсінтіп, көңіл марқайтар бірқатар жүйелі жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, ауылдық пошта ғимаратының тозғанын ескеріп, «Туған жер» жобасы аясында былтыр 13 миллион теңге бөліп, ауылдық пошта ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Сонымен бірге, өз бастамасы бойынша Ақжарма ауылының орталығынан «Әлеуметтік дүкен» ашып, көпбалалы, жалғызбасты, аз қамтамасыз етілген отбасыларға арзан бағада азық-түліктерді үлестіруде. Жомарт жан жасы 70-тен асқан ауыл қарияларына арнап тегін қызмет көрсететін қоғамдық монша салды және қазіргі таңда монша тұрақты түрде жұмыс жасауда. Жерлестер мақтанышына айналған азаматтың елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жасөспірімдерге деген қамқорлығы бір төбе.
Ауылдағы №130 Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің 30-дан астам оқушысына тынығу лагерлеріне тегін жолдама сыйлауды дәстүрге айналдырған Қайрат Болатұлы озат оқушылардың облыстық, республикалық байқауларға қатысуына қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында жыл сайын 10 оқушыға қажетті оқу құралдарын алып беруде. Ауыл мешітінің жөндеуден өтуіне, ауласының аббаттандырылуына да өз үлесін қосты. Ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтетін мүшәйраларға, байқауларға, жарыстарға қолдау көрсетуде.
Мұның бәрі ел игілігі үшін қажырлы еңбек етіп келе жатқан Қайрат Нұрсейітовтің елжандылығын және туған ауылына деген шынайы сүйіспеншілігін білдіреді. Бір сөзбен айтқанда жанымызда жүрген жақсы адам – өз замандастарына үлгілі азамат.
Ақтөре Ибрагимұлы