ӘЛЕМГЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖАҢАЛЫҚ
Қазалыдағы Ү.Түктібаев атындағы № 88 мектепте «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» дөңгелек үстел өткізілді. Шарада алдымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Қалышова латын әліпбиінің жаңа үлгісін таныстырып шықты.
Шара барысында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Ахмет өз сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілін көтеруге назар аударып келе жатқанын, соның айғағы ретінде латын әрпіне көшу бастамасының тіліміздің мәртебесін көтеру жолындағы нақты қадам екенін жеткізді.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелде түбі бір түркі елдерінің латын әліпбиін пайдаланып отырғандығы, сонымен қатар әлем елдерінің ІТ технологиясында және білім мен ғылым салаларында латын әліпбиінің екінші әліппе ретінде қолданатындығы сөз болды.
Биология пәнінің мұғалімі Г.Тілеуімбетова өз сөзінде, латын қарпіне көшу – бұл әлемдік білім саласын игеру екенін, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек үйренуіне мүмкіндік ашылатындығын жеткізді.
Дөңгелек үстелге қатысқан мектеп мұғалімдері өз пікірлерінде латын әліпбиіне көшіруді бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.