ЖАНБОЛАТ ПЕН ЖАЗИРА: ҚАЛА МЕРЕЙТОЙЫНА ЖАҢА ӘН ҰСЫНСАҚ ДЕЙМІЗ...
Олар өнерде де, өмірде де бірге. Ән айдынында қос аққудай бірге жүзіп, берекелі шаңырақтың ұйытқысына айналған қос әншіні өнеге ететіндер қатары жетерлік. Оларды киелі сахнада бір-бірінсіз елестете алмаймыз. Расында, ерекше өнерімен елді тәнті етіп, көрермен көзайымы атанған Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбек есімі сіз бен бізге жақсы таныс. Сүйіп тыңдайды. Бағалайды. Біз де орайлы мезеттің бірінде қазақ эстрадасында егіз ұғымға айналған қос өнерпазбен жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.– Шырайлы Шымқаланың қызы сонау Аралдың келіні қалай атанды?Жанболат: – Біз бір оқу ордасында білім алдық. Жазира менен төменгі курста оқыды. Бір жатақханада тұрдық. Етене араластық. Оның сондай қарапайым, тәрбиелі екенін көріп, өзіме жақын тартып жүрдім. Дауысы да ерекше жағымды еді. Бірақ, қазіргідей бір көргеннен «сүйем, күйем» деген болмады. Көзбен көр де, ішпен сез. Біздің арадағы махаббат осындай болды. Кейін араға уақыт салып, отау тіктік. Мен ол кезде 23, ал Жазира 18 жаста еді.
– Әлі жиырманы да толтырып үлгермеген жас келін ене мектебінен қалай өтті? Жанболат: – Жазира әулетке жас кезінен келсе де, ол біраз сынақтан сүрінбей өтті деп ойлаймын. Әрине, білмес жерінде анам жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Ауылдағы жеңгелерімнің анамның алдында көрсететін сыйластық, құрмет сынды жақсы қасиеттер Жазираның да бойынан табылды. Бастысы, ол өзінің шаңырақ алдындағы келіндік міндетін жақсы орындай алды. Әлі де солай.
– Жазира ханым, өзіңіз сол жылдары өткен қызықты естелігіңіздің бірімен бөлісіңізші. Жазира: – Мен өзім қазақылығы бұзылмаған Шымкент өңірінің тумасымын. Дегенмен, біздің отбасының тәлім-тәрбиесі сәл жаңашалау еді. Халқымыздың салт-дәстүрін қатаң сақтадық деп айта алмаймын. Оны үстіне анам Алматы облысының қызы еді. Соның да әсері болуы керек. Аралға келін болып түскенде өмірім 180 градусқа өзгерді. Жанболаттың әулеті қазақы тәрбиені берік ұстанған, қарапайым. Үлкен қайын апа, қайын аталардың есімдерін мүлдем айтпадық. Кейде байқамай солармен аттас адамдарды айта қалсақ, күнә жасап қойғандай қатты ұялатынбыз. Оған ескерту де аламыз. Жасырмаймын, талай рет аңдамай сөйлеп, ұятты болған сәттер кездесті. Ойлап қарасам, қазір соның барлығы маған үлкен өмірлік сабақ болғандай.
– «Абысын тату болса ас көп» демекші абысын-ажындармен араңыз қандай? Әсіресе, Қызылордада бұл екі туыстың өзара ынтымағына аса мән береді ғой... Жазира: – Аллаға шүкір, әулетте жеті абысыным бар. Бәрі сырласымдай, жанашырлық кеңесін де айтып жүреді. Ортақ екінші анамыздың берген тәрбиесі ғой. Бір-бірімізге сыйластығымыз ерекше. Ауылға барғанда міндетті түрде орамалымды тастамай, иіліп сәлемімді саламыз. Бұл – біздің әулеттегі өзгермейтін үрдістің бірі.
Жазира: – Қызылордалық келіннің образын бір-екі ауыз сөзбен қалай сипаттап берер едіңіз. – Бұл аймақтың тыныс-тіршілігін жатқа білетін адам көп ішіндегі қызылордалық келінді жазбай таниды өзі. Өйткені, біз қарапайымбыз. Ата-енеміздің берген тәрбиесі де сондай. Өзім келін болып түскеннен кейін қалаға кеттік қой. Бірақ, осындағы абысын, жеңгелердің шаруаға икемі, инабаттылығы, салт-дәстүрлерді өз жөн-жоралғысымен орындауы бәрі-бәрі сіз айтып отырған қызылордалық келін образын толықтыра түсетіндей.– Бір сұхбатыңызда «Үйленген соң Аралдың мәдениет үйінде жұмыс жасаймыз деп ойладық» деген екенсіз. не түрткі Бұл жоспардың өзгеруіне болды? Жанболат: – Ол кез біршама жоқшылық уақыт еді ғой. Істейтін жұмыс та жоқ. Рас, әуелі шаңырақ көтерген жылдары аудандық мәдениет үйінде Жазира екеуміз қызмет жасап, елге үлесіміз тисе деген ой болды. Бірақ, екі қолға бір күрек табудың өзі қиын кезде бұл арманымыздың орындала қоймайтынын түсіндік. Оның үстіне жұмысқа алса да, орынның аздығына байланысты екеуміздің біреуімізді ғана қызметке алатынын айтты. Содан не керек, отау тіккеннен кейін бір жарым-екі жыл өткен соң, Алматыға қарай беттедік. Мүмкін, бізді мәдениеттің қайнаған ошағына өнердегі осы азды-көпті несібеміз шақырған болар.
– Жақында инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларыңызда туған жер топырағында бейнебаян түсіргендеріңізді байқадық. Мұны Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына тарту деп қабылдасақ бола ма? Жанболат: – Клип ана туралы жаңа әнімізге түсірілді. Аяулы анамыздың 80 жасқа толу құрметіне жасаған азды-көпті сыйымыз еді. Кәдімгі туған жердің ыстық топырағында, далада түсірілді. Жақсы бір дүние шыққан сияқты. Бағасын енді халық берер.
Ал, қаламыздың қос ғасырлық мерейтойына келсек, оған да өзіміздің перзенттік пейілмен тартуымызды жасаймыз деген Жазира екеуміздің жоспарымыз бар. Бұған дейін Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуын» орындап жүрміз ғой. Енді тағы да бір Қызылордамыз туралы керемет ән болса деймін. Композитор ағаларымызға да құлаққағыс етіп қойдым. Мүмкін, сәті түссе, алдағы 200 жылдық мерейтой қарсаңында өздеріңізге ұсынып қалармыз деген ойдамыз.
Сұхбаттасқан: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.