Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЭЛЕКТРОНДЫ ТАҢБАНЫҢ ҰТЫМДЫ ТҰСЫ

ЭЛЕКТРОНДЫ ТАҢБАНЫҢ ҰТЫМДЫ ТҰСЫ

Бүгінде оңтүстік өңірдегі өзекті мәселенің бірі – мал ұрлығы. Қаншама алдын алу шарала¬рын жасағанымен барымташылар айласын асыруда. Десе де, өрістегі төрт түліктің түгел жүруіне озық технологияның ұтымды тұсы көп.
Елімізде шаруасы түзелген малшылар жылқы мен сиырларына арнайы GPS-чиптер орнатуда. Арнайы чип түлік терісінің астына көзге көрінбестей етіп орнатылады. Егер малды біреу айдап әкетсе, оның қайда жүргенін, қай бағытқа кетіп бара жатқанын үйде отырып бақылауға болады. Бұл жаңашыл технологияның арқасында мал ұрлаған барымташылардың ізіне түсу құқық қорғау органдарына еш қиындық тудырмайды. Тіпті, ұрылар малды сойып, бөлшектеп тастаса да тез тауып алуға мүмкіндігі бар.
Әрине, электронды чипке ауылдағы бақташының шамасы да, қаржысыда жете бермейді. Сондықтан да малшылар қарапайым бірдейлендіру шарасына жүгінеді. Осы тұста біз Жаңақорған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Беркімбаевтан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұрадық.
Оның айтуынша, бүгінде төрт түліктің басын түгендеудің электронды тәсілі жүргізілуде. Яғни, сырғалау, таңбалау арқылы ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру (ИСЖ) базасына тіркейді. Бірдейлендіру деп аталатын бұл шараның жүргізілу тәртібі мен тиісті министрлік арқылы бектіліген қағидасы бар. Ол – өзін-өзі ақтаған титімді тәсіл екен.
«Мал басын сырғалау не үшін қажет?» деген сауалымызға сала басшысы Н.Беркімбаев былайша жауап берді.
– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидасы бар. Осы Қағиданы негізге ала отырып, ауданда түлік санын базаға енгізіп, оларды таңбалап, сырғалау тәртіпке сай атқарылуда. Бұл шара атқарылмайынша қолдағы жануардың зертханалық сараптамаға қаны да алынбайды. Ветериналық құжаты да берілмейді. Қазақы тілмен айтқанда, қолдағы малдың сайда саны, құмда ізі болмайды. Қаны алынбаған малдың ауруы да анықталмайды. Пададағы бір сиыр мен отардағы бір қойдың кеселге шалдығуы күллі ауыл малына кесірін тигізбей тынбасы анық. Оған қоса, қолдағы малды апарып сату үшін алынатын анықтама мен ветеринарлық құжат бірдейлендірілмеген малға берілмейді, – деді Жаңақорған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы.
Сондай-ақ сала басшысынан төрт түлікке электронды чип орнату жайлы сұрадық. Белгілі болғандай бұл қызмет түрін малшылар жеке қаржысы есебінен жүргізеді екен. Десе де, әңгіме барысында микрочип жайлы ақпаратқа қанықтық.
Бұл – көлемі күріштің дәні секілді биологиялық инертті шыныдан жасалған капсула ішіне салынатын, жеке бағдарламалық нөмірі бар шағын электронды чип. Микрочипте батарея болмайды. Ол сканердің көмегімен іске қосылады. Сканердің әрекет ету өрісіне түскен кезде микрочип оның магниттік өрісінен қуат алып, бірегей 15 таңбалы нөмірді радиосигналмен жібереді.
Чип өмір бойғы электронды сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, жануардың жоғалуын не ұрлануының алдын алуға септігін тигізеді. Егер жануар ұрланып не жоғалған жағдайда «Электронды паспорт» түліктің иесін еш кедергісіз тауып, жануарды үйіне қайтаруға кепіл болады екен. Яғни чиптегі сәйкестендіру нөмірі арқылы табуға қолайлы болады.
«Мұндай мүмкіндікті Жаңақорғанда қай қожалық пайдалануда?» деген сауалымызға кент тұрғыны Мұрат Рыспанбетовтың есімін атады. Алайда ол GPS құрылғысының бұзылып қалуына байланысты әзірге жөндеуге асықпайтынын айтты. Өйткені қымбат құрылғыны жөндетудің өзі қыруар қаржы екен.
– Бірер жыл бұрын үйде отырып, Қаратаудың етегінде жайылып жүрген жылқыларды смартфон арқылы бақыладым. Қымбат құрылғының пайдасы көп. Арнайы GPS енгізілген шағын құрылғыға тапсырмасын енгізіп, айғырдың мойнына іліп қоясың. Орнатылған бағдарлама бойынша, әрбір екі сағат сайын өзінің ұялы телефонына не компьютеріне жылқылардың қай маңда жүргендігі жөнінде смс-ақпарат келіп отырады. Яғни, GPS-тің көмегімен электронды картаға кіріп, өрістегі малдың «Өгіз-мүйіз» тауының оңтүстік не солтүістік бағытында жайылып жүр деген секілді мәлімет келіп отыратын, – дейді Мұрат Рыспанбетов.
Иә, қорыта айтқанда, бұрынғыдай қойшылардың үйін жағалап, тау-тасты аралап, тұлпардың енін түстеп жоқ іздеу жақын жуықта тарих бедеріне енеді. Өйткені, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру шарасында электронды таңба мен GPS құрылғысына басымдық беруде. Келешекте цифрландыру дәуірінің дәреметін ауылдағы ағайынның сезінетіні айқын.

17 шілде 2018 ж. 975 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области