ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЫЛУ МАУСЫМЫ 15 ҚАЗАНДА БАСТАЛАДЫ
Қызылорда қаласында қысқа дайындық жұмыстары қарқын алды. Қазір 30 жыл қолданылған жылу магистралі жаңартылу үстінде. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлайды.
Тозығы жеткен алып құбырларды ауыстыруға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мүмкіндік туып отыр. Бірнеше бу қазандығы мен қосымша құрылғылары күрделі жөндеуден өткізілген «Жылу электр орталығы» жылу беру маусымына 90 пайызға дайын.
Өткен жылу маусымы аяқталысымен құрылған жұмысшы топ қаладағы 654 көпқабатты үйдің 20-сына күрделі жөндеу керектігін анықтады. Қазірде тұрғын үйлер жаңғыртылу үстінде.
Берік Сәрменбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:
- Қыркүйектің 15-іне дейін бітіріп, жылу маусымы қазан айының 15-інде басталады. Бәрінің әзірлік құжатын дайындап, 1 қазанға дейін толық бітіруге жұмыс жасап жатырмыз.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы шеңберінде бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаржыға сонымен қатар 12 жарым шақырым жылу құбыры мен 1 насостық бекет ауыстырылып, ақылды қондырғылар орнатылып жатыр.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласы әкімі:
- Қай жерде жарылса өзі көрсетеді, өзі белгі береді. Биылдың өзінде жылу трассасына 2 жарым млрд тг салып жатырмыз. Соңғы 5 жылда 10 млрд тг жұмсадық. Қазір 70 процент жуық жаңартылды. Енді нәтиже беретін кез келді. Жұмыс істеу керек.
Жылу құбырларымен қатар шаһардың су және кәріз жүйелері де жаңартылып жатыр. Нақты кезеңде жоғары қысымды 7 шақырым су құбыры мен 13 нысан жөнделуде.
Шаһардың бас қуат көзі «Қызылордажылуэлектрорталығының» да кем-кетігі түгенделді. Қысқы мезгілде қазандықтар іркіліссіз жылу тарату үшін қосымша отын қорын жасақтауға қатысты есептемелер жасалып, тиісті органдарға ұсынылды. Қыркүйек түгесіліп, қазан таяған сәтте көппәтерлі үйлер мен ғимараттардың ақауларын дер кезінде дөп басып анықтау мақсатында сынақ жұмыстары жүргізіле бастайды.