«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТ ҚУАТЫ»
Аудан орталығы Жосалы кентінде «Қармақшы өңіріндегі киелі орындар мен ескерткіштер» тақырыбында тарихи танымдық шара өтті.
Шара «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалының «Тарлан тарих тағылымы» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Тағылымды шараның өтуіне аталған филиалдың «Теміржол» бастауыш партия ұйымына қарасты «Жыраулар үйі» топтық ұйымы ұйытқы болды.
№121 мектеп оқушылары және үйірме мүшелерін қатысқан шарада «Рухани жаңғыру – ұлт қуаты» тарихи танымдық тақырыбында танымдық дәріс өтті. Онда «Теміржол» БПҰ төрағасы, тарихшы-өлкетанушы А.Скендиров өлке тарихы туралы тарқатып айтып, аудандағы ежелгі ескерткіштер мен көне жәдігерлерге, киелі орындарға жан-жақты тоқталды.
Айта кетейік, мұндай танымдық шаралар жиі өткізіледі. Мұндағы мақсат – жастардың рухани-мәдени құндылықтарын бойына сіңіріп, қазақ халқының төл тарихын зерделеу арқылы отансүйгіштік қасиетті нығайту, халқымыздың қастерлі мұраларына сүйене отырып ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлттың ұрпағын қалыптастыруға үлес қосу.