«Елбасы бастамасы- жастар үшін жаңа мүмкіндіктер» атты кездесу өтті
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бас оқу ғимаратында өткен жиынның тақырыбы «Елбасы бастамасы - жастар үшін жаңа мүмкіндіктер»деп аталды.
Студент жастармен болған кездесуде «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының есепке алу және статистикалық сектор меңгерушісі Асылбек Мамбетов алдымен Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдаулары мен бағдарламалық құжаттарында ел жастарының мәселесі қамтылатындығын атап өтіп, жастарға мемлекет, партия тарапынан жасалатын әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланып, нәтиже шығару қажеттігін айтты.
- Елімізде әрбір білім аламын, жақсы қызмет жасаймын, зәулім үйде тұрамын деп алдына мақсат қойған жастар үшін еш кедергі жоқ. Керек десеңіз Елбасымыз шет ел асып, білім алуға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр.Өзінің 5 әлеуметтік бастамасының 3 тарауын жастарға арнап, жыл сайынғы бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың білім грантын бөліп, студент жастарды жатақханамен қамтуды тапсырса, кешегі қазан айындағы Жолдауында ЖОО орындарын бітірген түлектерді жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырмалар берді.Ендігі жерде сіздер сапалы білім алып, қоғамдық-саяси жұмыстарда белсенділік танытып, еліміздің дамуына үлес қосуға тиістісіздер деді.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі партия белсендісі Нұржұман Пірназаров сөз алып, Елбасының баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін, келешекке бағыт– бағдар беретін дәстүрлі Жолдауы мен Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы жастар арасында үлкен қолдауға ие екендігін айтып, бұл бағытта университетте атқарылып отырған жұмыстармен таныстырды.
- Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттінде облыс әкімінің білім гранты негізінде 428 студент, олардың дені техникалық мамандықтар бойынша білім алуда. Биыл оның 145-і оқу бітіреді. Оған қоса Ресейдің озық техникалық университеттерінде 500-ге жуық қызылордалық түлектер жаңа дәуірдің сұранысына сай мамандықтарды игеруде. Жатақхана мәселесі де толық шешілген. Барлық жатақханаларда студенттерге тиімді жағдайлар қарастырылған. Оған орналасқысы келген әрбір студенттің өтініші бекітілген уақытына сай және дер кезінде қанағаттандырылып келеді,- деді Нұржұман Пірназаров.
Университет жастары атынан «Тұран» филиалының «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Алтынбек Ләзи сөз алып, универститет жастарының Елбасы бастамаларынан туындайтын негізгі міндеттер мен мақсаттарды іске асыруда, тәуелсіз еліміздің қарқынды даму жолында аянып қалмайтындықтарын жеткізді.
Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының партия мүшелерінің саны өсуде. Партия Филиалының 2292 мүшесі болса, оның 1206-н жастар құрайды.