Қазалыда жас қолөнершілер клубы жұмыс істейді
Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев ауылында жас қолөнершілер клубы жұмыс істейді.
Ғани Мұратбаев атындағы ауылдық кітапхана жанынан ашылған «Жас Ғани» клубы балалардың ой-өрісін кеңейтуде. Клуб мүшелері – елді мекендегі №91 орта мектептің оқушылары. Нұрай Тұрарова, Динара Нұғман, Ақжол Жарас, Диас Нұрлыбек, Ақниет Кеңесбай, Әйкерім Шекертай мектептен бос уақытында клубқа келіп, қолөнер бұйымдарын жасайды. Олардың туындылары ауылдық кітапхананың көркіне көрік қосып ғана қоймай, түрлі деңгейдегі жарыстар мен көрмелерде алдыңғы орындардан көрініп келеді. Бірі кесте тіксе, бірі тоқудың гобелен түрімен айналысады, бірі құрақ құраса, бірі қажетсіз қалдықтар мен қолжетімді өнімдерден түрлі кескіндер мен пішіндер даярлайды.
Қазіргі таңда клуб мүшелерінің қатары күн сайын көбейіп келеді. Ауылдағы Ғ.Мұратбаев атындағы №91 мектеп мұғалімі Г.Төлегенованың айтуынша, қолөнерге үйренуде балалар шыдамдылық пен шапшаңдыққа, бейімділік пен білімділікке, дәлдік пен жауапкершілікке дағдылануда.
Балалардың сабақтан тыс кездерін көңілді әрі тиімді ұйымдастырып жүрген кітапханашы Әйгерім Смағұлованың айтуынша, клуб өрендерді өнерге баулиды әрі кітап оқуға үндейді.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бір мақсаты өскелең ұрпаққа тәрбие және білім беру болып саналады. Сондықтан осындай жоба қолға алдық. Яғни, клуб жұмысына атсалысуға келген балғындар кітапханада кітап оқып, таным көкжиегін кеңейтеді. Бұл оларды көркем әдебиет, салт-дәстүр, ұлттық ұғымдарымызбен жақындата түседі», - дейді Ә.Смағұлова.