Сырдария өзенінде мұз ұстасу жүруде
Сырдария өзенінде мұз ұстасу жүруде. Дегенмен, қауіп жоқ. Алдын алу шаралары жан-жақты жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына «ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекцияның басшысы Әділхан Қарлыханов, «ҚАЗСУШАР» Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров қатысты.
Биыл облыста су тасқынының алдын алу мақсатында ұзындығы 40,0 шақырымды құрайтын өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің 31 учаскесінде жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Атап өтсек, Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан жаңа құрылыс нысандарын су басу қаупінен сақтау мақсатында жаңақорғаныс бөгеті тұрғызылып, таспен бекіту жұмыстары жүргізілді.
«Облыс аумағындағы қорғаныс бөгеттерінің тұсы қауіпті 56 су басу аймағына бөлініп, оған 111 жауапты мекеме бекітілген. Олардағы арнайы техника саны 425 бірлікті және 1 269 адам күшін құрайды», - деді Ғабит Жұмабекұлы.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған 79 эвакуациялық жинақтау және 99 қабылдау пункттері дайын.
Ал, жоғарыдан келетін су көлемін қауіпті мөлшерден асырмау үшін Шардара және Көксарайдан төменге босатылатын су көлемінің кестесі бекітілді. Сондай-ақ, облыс аумағына келетін артық суды алу мақсатында магистралды каналдар мен көлдер жүйелері дайындыққа келтірілген.
Айта кету керек, мұз ұстасу кезеңінде 24 желтоқсан күні Қазалы қаласы тұсындағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті жырылып, су өзеннің ескі арнасына түскен болатын. Бұл мәселе бойынша Қазалы ауданы әкімдігі тарапынан нақты шаралар қабылданды. Оған қоса өзен арнасындағы су деңгейін түсіру мақсатында Басықара су торабындағы Сол жағалау магистралды каналымен су алу жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда елді мекендерге еш қауіп жоқ.
Жалпы бүгінде Сырдария өзені арнасындағы су шаруашылығы нысандарының жағдайы бірқалыпты.