Шиелі ауданында индустриаландыру бағытында 3 жоба жүзеге асуда
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында ауданда 3 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Жобаның алғашқысы 64 млрд. теңгені құрайтын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаратын зауыты. Онда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда 1200 адам жұмыс жасады. Өткен жылдың 11 желтоқсанында Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында зауыт іске қосылып, 260 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды.
Екіншісі «Фирма Балауса» өнімді құны 125 млн. АҚШ долларын құрайтын өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр 1,4 млрд. теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадаты экспортталды. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 адам жұмыспен қамтылды. Биылғы жылы 5 окисьті ванадий өндіру цехы құрылысы басталуда, жыл ортасына қарай іске қосылатын болады», - деді Ә.Оразбекұлы.
Сондай-ақ, «Сыр Агро и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «1200 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, қолдау тапты. Жоба жүзеге асқан кезеңде тәулігіне 15 тонна сүт өнімі өндірілетін болады.
Жалпы Шиелі ауданында индустриалық аймаққа 96 га. жер телімі бөлінген. Ондағы инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге 233,4 млн. теңге қаржы бөлініп, электр желісі, су құбырлары, автокөлік жолдарын жүргізу жұмыстары толығымен орындалған.