Мереке қарсаңында «Ашық есік» күні өтті
Халықаралық әйелдер күніне орай Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЗК-169/5 мекемесінің ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Шара барысында белсенді, өздерін жақсы қырынан танытқан жазасын өтеушілердің аналары, жұбайлары және апа-қарындастары мереке күніне орай арнайы шақырылды. Мерекелік концертте жаза мерзімін өтеуші азаматтар өлеңдер оқып, аналарына жүрекжарды тілектерін жеткізді. Сонымен қатар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын табыс етті.
«Темір тордағылардың қай-қайсысы болмасын ата-анасын, туған-туыстарын, балаларын сағынады. Ашық есік күнін жиі өткізіп тұрамыз, бірақ дәл осындай үлгілі тәртібімен көзге түскен жазасын өтеушілердің аналарына арналған шара бірінші рет болып отыр», – деді ЗК-169/5 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Тасболат Қалымбетов.
Жазасын өтеуші азаматтар мекеме әкімшілігіне аналарын, жұбайларын мерекемен құттықтауға осындай мүмкіншілік бергеніне алғысын жеткізді.
Сонымен қатар мереке қарсаңында жазасын өтеуші азаматтарға арналған кітапхана қоры 500-ден аса кітаппен толықты. Облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасы белгілі қазақ және шетел жазушыларының көркем әдеби кітаптарын, тарихи романдарын тарту етті.
Шара соңында Қызылорда облыстық филормониясының өнерпаздары мерекеге орай әсем әннен шашу шашып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.