Бірлестік ауылында мал ұрлаған барымташы қолға түсті
Шиелі ауданына қарасты Бірлестік ауылында мал ұрлаған барымташы қолға түсті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Барымташыны Шиелі аудандық Полиция бөлімінің Жол патрульдік полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Дархан Мажиханов қолға түсірген. Учаскелік полицияға осы елді мекеннің тұрғыны ауылдасының мал қорасынан 5 бас қойды жасырын ұрлап бара жатқан автокөлікті ұстап тұрғаны жайлы хабарлаған.
Тексеру барысында, автокөліктегі Маханбет ауылының тұрғыны қойларды ұрлап оқиға орнынан бой тасаламақ болған. Күдікті ауыл тұрғындарының көмегімен көп ұзамай қолға түскен.
Оқиға болған жерден 5 бас қой дәлелдеме ретінде алынып, қолхат арқылы жәбірленушіге қайтарылды.
Аталған мал ұрлығы дерегі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, күдікті тұлғаның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.