Мал ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды
Қызылордада полицей криминалист кәсіби шеберлігінің арқасында екі бірдей мал ұрлығына қатысы бар күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдың басында Арал қаласының тұрғыны ауласынан құны 70 мың теңге тұратын бір бас баспағын ұрлап кеткендігі туралы полицияға арызданды. Осы оқиғадан соң тағы бір тұрғын сиырын ұрлап кеткендігі туралы шағым түсірген.
«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында оқиға орындарын қарап тексерген Арал аудандық полиция бөлімінің жедел криминалистика тобының техник-криминалисті полиция сержанты Нартай Нұртаев анықталған автокөлік ізін зерттеу арқылы күдіктінің автокөлігін анықтап, орын алған қылмыстың ашылуына септігін тигізді», – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Тәртіп сақшыларымен жүргізілген шаралардың нәтижесінде орын алған 2 мал ұрлығы қылмыстарына қатысы бар күдікті, облыс тұрғыны, ақпан айында жеткізіліп, сұрау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде күдікті өзінің істеген іс-әрекеттерін толығымен мойындады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, қылмыстық іс бойынша күдікті жәбірленушілермен өзара ымыраға келіп татуласып, келтірілген материалдық шығынды өтеуіне байланысты, аталған қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды.