Қызылордада кептірілген марихуана тасымалдаған күдіктілер ұсталды
Қызылордада 3,5 келі кептірілген марихуанамен Маңғыстау облысының тұрғыны мен тағы бір күдікті ұсталды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Күдіктілер облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының және Есірткі кылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қолға түскен.
Шара барысында «Арал-Шеп» бекетінде «Ниссан» маркалы автокөлігі тоқтатылған. Автокөлікті «Крона» қызметтік итімен тексеру барысында көлік жүргізушісінің қалтасынан қағазға оралған ерекше иісі бар шөп ұнтақтары, ал жолаушысы Маңғыстау облысының тұрғыны сөмкесінен 2 бөлек скочпен оралған ерекше исі бар шөп ұнтақтары табылған.
Сараптама қорытындысымен алынған ерекше иісі бар заттар 3,5 келі кептірілген марихуана екендігі анықталған.
Екі күдікті Арал ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.