Қазалының тұрғындары Сырдария үстінен салынып жатқан көпір құрылысына алаңдаулы
Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Сырдария өзенінің үстінен салынып жатқан көпір құрылысына жергілікті тұрғындар алаңдаулы, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Оған себеп, көктем шыға дарияда су көтеріліп, жаңа өткелдің тіреуіштері қозғалғаны байқалған.
Талай жылдан бері қалқымалы көпірден қорқып өтіп жүрген арғы беттегі ағайынның көптен күткен мәселесі қашан шешіледі?
Қазалы ауданының тұсында өзеннің арғы бетіндегі 13 елді мекенмен байланыстыратын екі өткел бар. Оның екеуі де – қалқымалы көпір. Қыста мұз үстімен өтетін тұрғындар күн жылып, мұз еріген шақта қауіп күшейе түсетінін айтады.
«Шалғай ауылда тұрамыз. Ауылға қатынау қиын. Өзіміздің Сырдарияда қаланың қасында көпір бар еді. Ол да кеше суға батып кетті», - дейді Қожабақы ауылының тұрғыны Аян Арзы.
«Күзде, көктемде қиын болады. 3 күннен бері бізде жол жоқ. Көлігімізді тастап кеткенбіз», - дейді Бекарыстан би ауылының тұрғыны Дауылбай Қапаров.
Дарияның арғы бетіндегі 20 мың тұрғынның негізгі қатынас жолы осы қалқымалы көпір. Алайда бұл көпір 10 тоннадан артық жүкті көтермейді екен. Сондықтан ауыр жүк көліктері 150 шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр. Осы ретте ауыл тұрғындары жаңа көпірдің құрылысына үлкен үмітпен қарап отыр.
Дегенмен жақын күндері көпір құрылысынан ақау шықты дегенді естіген қазалылықтар көптен күткен өткел сақалды құрылысқа айналып кете ме деп алаңдайды. Сырдарияның суы көтерілген тұста көпір тіреуіштерінің қозғалғанын мамандар да растап отыр.
«Негізгі көпірдің конструкциялық тірегіне ешқандай зияны жоқ. Оларға арнайы сызба жұмыстарын алғызып, соған сәйкес бекітіліп, қазір жұмыстар жүріп жатыр. Екінші рет кедергілер болмайды деп ойлаймыз», - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тілеуімбетов.
Құны 2 млрд 680 млн теңге болатын көпірдің ұзындығы – 220, ені 12 метрден асады. Мамандар толықтай монолиттен құйылатын көпірді биыл қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал тұрғындар көптен күткен көпірдің ең бастысы сапалы салынғанын қалайды.