Қызылордада жыл басынан бері қызметтік-іздестіру иттердің көмегімен 88 қылмыстың беті ашылған
Kyzylorda-News.kz. Қызылорда облысы полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығы қылмысты ашуда, қылмыстың ізін кесуде қызметтік-іздестіру иттерін пайдаланып, нәтижесінде 88 қылмыстың бетін ашты. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда Кинологиялық қызмет орталығы теңгерімінде 28 қызметтік-іздестіру иттері бар. Қызметтік иттердің қылмыстарды ашу, із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды іздеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және одорология бойынша полиция қызметкерлеріне көмек көрсетуде.
Мәселен, 2019 жылдың 15 наурызында Қызылорда облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының және Есірткі кылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Арал - Шеп» бекетінде «Ниссан» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Автокөлікті «Крона» қызметтік итімен тексеру барысында көлік жүргізушісінің қалтасынан қағазға оралған ерекше иісі бар шөп ұнтақтары, ал жолаушысы Маңғыстау облысының тұрғыны сөмкесінен 2 бөлек скочпен оралған ерекше иісі бар, шөп ұнтақтары алынды.
Сараптама қорытындысымен алынған ерекше иісі бар заттар 3,5 кг «кептірілген марихуана» екендігі анықталған.
Осы ретте қызметтік иттердің тәртіп сақшыларының сенімді серіктестері екендігі анық.