3 мамыр: Атаулы күндер мен оқиғалар
Kyzylorda-News.kz ақпараттық агенттігі оқырмандар назарына 3 мамыр күні ел тарихында орын алған атаулы күндер мен оқиғалардың күнтізбесін ұсынады.
Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні.
1991 жылы Намибия Республикасының астанасында қол қойылған, барлық елдің үкіметін баспасөз бостандығы мен оның жариялылығын қамтамасыз етуге шақырған «Виндхук декларациясының» құрметіне орай 1993 жылғы желтоқсанның 21-індегі БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен атап өтіледі.
1994 жылы Алматыда «Түркі халықтары музыкасының» бірінші халықаралық симпозиумы басталды. 1995 жылы «Батыс Қазақстан - Құмкөл» мұнай құбыры іске қосылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық орналасуын одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Жезқазған, Көкшетау, Семей облыстары таратылды. Сонымен қатар басқа облыстардың шекарасы өзгертілді. Жезқазған Қарағандыға, Көкшетау Солтүстік Қазақстанға, ал Семей облысы Шығыс Қазақстан облысына қосылды. Ал Алматы облысының құрамына бұдан бұрынырақ таратылған Талдықорған облысы қосылса, Ақмола облысына Торғай облысының Державин, Жақсы, Жаңадала, Есіл аудандарының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Еңбекшілдер, Зеренді, Щучье аудандары мен Көкшетау қаласының аумағы, Қостанай облысына Торғай облысының Арқалық қаласы және Арқалық, Амантоғай, Амангелді, Жангелдин, Октябрь аудандары қосылды.
2002 жылы Н.Назарбаев пен В.Путин тарихи құжатқа Каспий теңізінің солтүстік бөлігін бөлу бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы Келісім Хаттамасына қол қойды.
2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Жарлыққа қол қойды.
2016 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы екі томы: «Алмас қылыш» және «Жанталас» чех тіліне аударылды. Кітап чехиялықтар арасында қызығушылық тудырды.
1904 жылы американдық өнертапқыш Джордж Паркер қаламсап ойлап тауып, патент алды.