Бас санитар қазақстандықтарды сарқытқа сақ болуға шақырды
Kyzylorda-news.kz. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин сарқытқа сақ қарауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауа температурасының көтерілуімен ел ішінде өткір ішек инфекцияларын жұқтыру жағдайы көбейіп кетеді. Көп жағдайда адамдар инфекцияланған азық-түлік өнімдерін тұтыну, ластанған суды ішу, науқастармен жақындасу кезінде ауырып жатады. Ішек ауруларынан сақтану үшін қарапайым ережелерді ұстану керек. Кәмпит пен кондитерлік өнімдерді санамағанда мерекелік дастарханнан әкелінетін сарқытты тұтынбаған жөн», - дейді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуына қарағанда, жеке гигиенаның қарапайым ережелері - қайнаған немесе бөтелкеде сатылатын суды ішу секілді талаптар денсаулыққа қатысты көптеген қиындықтардың алдын алуға көмектеседі.
«Тез бұзылып кететін өнімдер - сүт, ірімшік, кілегей, дайын ет және балық өнімдері, салаттар мен кремі бар аспаздық өнімдерді дайындалған күні тұтынған дұрыс. Тіпті тоңазытқышта оны 6-12 сағат қана сақтау керек. 12 сағат суықта сақталған тағамды тұтынар алдында дұрыстап жылытып алу керек», - деді ол.
Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин санкцияланбаған сауда орындарында азық-түлікті сатып алмау керектігін ескертті.