Қанат Исламның келесі жекпе-жегінің қашан өтетіні белгілі болды
Kyzylorda-news.kz. Орта салмаққа өткен қазақстандық боксшы Қанат Ислам (26-0, 21 КО) келесі жекпе-жегінің уақытын айтты, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Qazaq Promotions компаниясының YouTube арнасында жарияланған видеосында боксшы жаттығулары жайлы айтып берді.
"Бәрін жинастырып тауға келгенімізге он күндей болды. Келесі жекпе-жегіміз қазан айының 26-на жоспарланып отыр. Сондықтан жауапкершілік үлкен. Сонымен бірге, Америкадан менің бұрынғы промоутерім Нельсон Лопес мырза келіп отыр. Алда үлкен жоспарлар бар", - дейді боксшы.
Естеріңізге салсақ, 5 шілдеде Алматыда 34 жастағы Ислам доминикандық Хулио де Хесусті (28-2, 27 КО) бірінші раундта нокаутпен жеңіп, орта салмақта WBO International белбеуін жеңіп алған. Осыдан кейін қазақстандық боксшы ұйым рейтингінің ТОП-10 рейтингіне кірген болатын.
Айта кетсек, Қанат Ислам ұзақ үзілістен кейін орта салмаққа өткен - соңғы рет боксшы 2017 жылы бірінші орта дивизионда жұдырықтасқан.