«АЗАМАТ» КОМАНДАСЫ АЛҒА ШЫҚТЫ
«Евразия» спорт кешенінде шағын футболдан білім саласында өз ізін қалдырған азамат Мәжит Өтемұратовты еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан және аудандардан 16 команда 220 спортшы қатысып, үздіктер анықталды.
Білім саласында көп жылдар бойы қызмет атқарған, Қазақ ССР-нің кәсіптік білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Мәжит Жәмитұлы бұқаралық спортты дамытуға да үлес қосқан азамат еді. Ол футбол ойнап, салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосты.
Жарыс нәтижесінде «Орион» командасын ұтқан қызылордалық «Азамат» командасы бірінші орынды иеленді. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталғандықтан жеңімпаз тек айып добын орындау барысында анықталып, есеп 4:2 болды. Үшінші орынды қызылордалық «Престол» командасы еншілесе, төртінші орын «Капстрой» командасына бұйырды.
Турнирдің «Үздік қақпашы» номинациясын Жалғас Қадырберген («Престол» командасы) иеленсе, «Үздік қорғаушы» - Бекзат Құрманәлиев («Орион» командасы), «Үздік шабуылшы» - Бағдат Исмайлов («Капстрой» командасы),
«Үздік ойыншы» - Ержан Қазыбеков («Азамат» командасы) болып танылды.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.