Аралда волейболдан республикалық турнир басталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал қаласындағы орталық стадионда волейболдан 2005-2006 жылдары туылған жасөспірім қыз балалар арасында белгілі спортшы Асхат Ахановты еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, өз сөзінде №62 орта мектептің түлегі, белгілі волейболшы Асхат Ахановтың өмір жолына тоқталып, спортшының қалдырған өнегесі мен ізін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында еске алу турнирінің жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, спорт саласындағы жетістіктерін айта келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, биыл ауданда XІX мәрте өткізіліп жатқан турнирге еліміздің 7 аймағынан: Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Маңғыстау, БҚО, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарынан 25 команда, құрамында жалпы саны 300-ге жуық жасөспірім қыздар қатысып, бақ сынауда.
Төрт күнге жоспарланған жарыстың ойындары Арал қаласындағы №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінде және №14 мектеп-лицейдің спорт залдарында өткізіледі.