ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БАЛУАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ
Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Халықаралық жарыста қызылордалық балуан, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен сынға түсті. Мықтылар бас қосқан бәсекеде жерлесіміз қола медальді иеленіп, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Жалпы жарыста айтулы спорт түрінен Қазақстан құрамасынан екі спортшы ғана қола жүлдені еншіледі. Біреуі біздің жерлесіміз - Айдос Сұлтанғали болса, екіншісі - шымкенттік Мейіржан Шермаханбет.
Боз кілемге 60 келі салмақта шыққан Айдос бірінші белдесуде Украина спортшысын 6:1 есебімен ұтып, қалған қарсыластарынан да қаймықпады. Қола медаль үшін болған кездесуде Солтүстік Кореядан келген балуаннан айласын асырып, үшінші орынға ие болды.
Облыс тарихында 2005 жылы грек-рим күресінен ересектер арасында Ермек Көкетов әлем чемпионатында қола жүлдегер болса, оның жетістігін ізбасары Айдос Сұлтанғали қайталады.
-Мықтылар бас қосқан жарыста жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды салдым. Жалпы әлем чемпионатына екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы Польшаның Быдгощ қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатында үшінші орынды алған болатынмын. Биыл ересектер арасында алғаш рет бағымды сынадым. Бұл жолы еншіме қола медаль бұйырды. Бұл жеңісімді туған жерім – Қызылорда қаласының 200 жылдығына арнаймын, - дейді Айдос Сұлтанғали.
Енді қызылордалық балуан келесі жылы Астана қаласында грек-рим күресінен өтетін әлем чемпионатына дайындалады.