Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҮШІН ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙ БІЛУІМІЗ КЕРЕК»

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҮШІН ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙ БІЛУІМІЗ КЕРЕК»

Елбасы мақаласы жарияланғалы рухнаи жаңғыру ұғымы көп талқысына түісті. Осы орайда бағдарламалық мақаланы өнер иелері ерекше қолдап жатқанын айта кеткеніміз орынды.
Өнер көгiнде жарқырап iзi қалған, маңғаз мақам мен сұлу сазы жұрт жадында жатталған өнер иелері бар. Солардың бірі – Арал, Қазалы жыршы-жыраулық дәстүрiнiң көрнектi өкiлi Жаппарберді жырау Тілеубергенұлы.
Ерек тұлғаның шығармашылық мұрасын жыраудың шөбересі, дәстүрлі әнші ретінде елге танылып үлгерген талантты жастың бірі Амандық Жаппарбердиев кеңінен насихаттап келеді. Жас жырау рухани жаңғыру үшін алдымен өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды түгендей білуіміз керек дейді.
Ұлттық өнердегі ұрпақтар сабақтастығы осылайша жалғасын тапты. Жас өнерпазбен әңгіме барысында жыраулық дәстүр жайында ой бөлістік.
– Біз дәстүрлі өнердегі ұрпақтар сабақтастығы турасында әңгіме өрбітпекпіз. Осы ұғымды қалай түсінесің?
– Ұрпақ сабақтастығы – қайнар күшіміз, табанды да берік тұрақтылығымыз, алдымызда темірқазықтай тапжылмай тұрған мұратымыз. Бұл туралы Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласында кеңінен айтылған. Менңіше, мұның бәрі – өнегемен, тәрбиемен келетін нәрселер. Шынтуайтында біз өзімізден кейінгі буынға алдыңғы буыннан қалған дүниеден де көп нәрсе беруіміз керек. Ал жеткіншектер бізден қабылдағанын сақтап, сақтап қана қоймай одан әрі дамытып өз кезегінде келер ұрпаққа ұсынады. Кез келген тосын жайт терең де әріден қалыптастырған ұлттық рухымыз бен тарихымызды бұза алмауы тиіс.
– Сенің ойыңша, біздің ұлттық рухымыз, қазақы болмысымыздың қайнар көзі не?
– Өз басым қазақы қасиет қазақтың қара өлеңінде деп білемін. «Жырау – ұлттың жүрегі» деген сөз тегін айтылмаса керек. Алты Алашқа ана да болған, пана да болған қасиеттi Сыр өңірі бағзы заманнан небiр сұңғыла ақын, жыршы, жырауларды дүниеге келтiрген ән мен жырдың бесiгi. Бүгiнде тарих қойнауында көмескiленiп қалған небiр өнер саңлақтарының есiмдерi еленiп, халқымен қауышуына олардың мұрагерлері, ата жолын жалғаған ұрпақтары өз үлестерін қосуда.
– Өзің Жаппарберді жыраудың шөбересі, жолын жалғаушы жас жыршының бірісің. Аталған өнер иесінің өмiрi мен шығармашылық қызметi жайлы деректер қазіргі таңда қаншалықты жүйеленген?
– Ел арасынан құнды деректер жинап, тарихи-әдеби тұрғыда зерттеп, мәлiметтер жариялаған Мұрат Сыздықовтың, Сыр бойы, оның iшiнде Арал өңiрiнiң жыраулық-жыршылық дәстүрiн әдеби тұрғыда зерттеген белгiлi фольклортанушы ғалымдардың кітаптары бiраз мағлұматтар бередi. Алайда, Жаппарберді жырауға қатысты мәлiметтердiң әлi де болса бiр iзге түспей жүргенiн де айтуымыз керек. Осы кезге дейiн оның саусақпен санарлықтай ғана туындылары халық игiлiгiне жаратылуда.
– Дарыны асқақ, қарым-қабiлетi кең өнер саңлағының көптеген жауhар шығармалары болғандығы жайлы деректер бар...
– Әрине, жыр қоры өте мол болған бабамның өз жанынан өлең шығармауы мүмкін емес. Үш күн таусылмай жырлайтын, өңірдің ең көрнекті жырауларының бірі болған. Нұртуған шайырдың «Мәулімнияз-Едіге», «Қарасай-Қази», «Паналы қыз» дастандарын, бұған қоса көптеген терме-толғауларын орындап, түрлі ән мақамдарын шығарған...
– Өзің сол мұраларын қаншалықты меңгердің?
– Бізге белгілі мақамының бәрін сала аламын. Жалпы, ол кісінің ән-мақамының иірімі мол, кең тынысты, күрделі болып келеді. Әр иіріміне мән беріп, шеберлікпен орындауды қажет етеді. Орындаушылық ерекшелігі – сағаға салып айтатыны болған. Ал домбыраның сағасына түсіп жырлау – дауысы қозы көш жерге жететін кең тынысты орындаушыларға ғана тән өнер. Жаппарберді жыраудың қолжазба мұралары сақталмаған. Десе де, дәстүрлі өнерден хабары бар жұртшылық оның талайы бөлек талант иесі екенін сөзсіз мойындайды.
– Жыраудың көзiн көрiп, жырын тыңдағандардың қандай естеліктері бар?
– 1920 жылдары Сыр бойында үлкен бір жиын-той болып, арасы алшақтау жағалай үйлер тігіліп, бес-алты ауыл болып орналасады. Соған Нұртуғанның шақыруымен Жаппарберді, Жаңаберген бастаған алты жырау қатысып, әр ауылға біреуден бөлініп жырлапты.
Жыр кеші таң атқанша созылып, таң атқанда Жаппарберді жырау ауылында ғана жыр тоқтамапты. Қалған ауылдың адамдары жырау отырған жерді көру үшін ол отырған ақбоз үйді көтеріп апарып басқа жерге орналастырады. Өздері Жаппарбердіні аппақ құмда қоршай отырған. Жырау терме мен дастаннан бөлек, ойнақы әндерді орындап та тыңдаушысын желпіндіріп отырады екен. Осы естелікті айтқан Үмбетәлі жырау «Шынында, Жаппарберді бәрімізден жүйрік, алдынан тыңдаушы кетпеген арқалы жырау еді», - дейді. Ал туысқан ағамыз Оразғали Ерекешов сол жылдары Аманөткел ауылына жақын Қотанкөл деген жерде атақты бес жыраудың сайысқа түскенін, сайыста Жаппарберді жүйріктігін көрсетіп жеңімпаз атанғанын, Жаңаберген жырау екінші орын алғанын айтады.
– Сөз ауанын жырау туралы өз шаңырағында сақталған әңгімелерге бұрсақ...
– Жаппарберді жырау 1895 жылы дүниеге келген. 41 жасында 1936 жылы өмірден озған. Бейіті қазіргі Сексеуіл кентінде. Әйелі Алуаш әжеміз 1988 жылы өмірден өтті. Әкесі Тілеуберген дәулетті адам екен. Анасы диірмен тартқызбақ болса, далада қамшыны домбыра етіп, ыңылдап ән айтып жүреді екен. Содан кейін оған домбыра жасатып берген екен. Осылайша 11 жасынан бала жырау атанған Жаппарберді 11 перзент сүйген. Сол балаларының барлығы шетінеп, артында Тойбазар есімді ұл мен Гүлшат деген қызы ғана қалыпты. Өз әкем Нұрмахан – сол Тойбазардың жалғыз ұлы. Әкеммен Айымкүл, Айнагүл апаларымыз бірге туған.
Жырау атамыздың 4-5 жасында шетінеген тоғызыншы баласының аты Амандық екен. Көзі тірісінде сандық толы қолжазба мен кітаптарын әйеліне аманаттап, «17 жасында осы Амандық балам жолымды жалғастырады» деп, болашағынан көп үміт күтіпті. Ал жыр-термеге емес ұсталыққа бейім болған Тойбазар атамыз 1939 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, Отан қорғауға аттаныпты. Онан әрі Ұлы Отан соғысына қатысады.
Осы жағдайдың барлығы қабырғасын қайыстырып, қолында қызы Гүлшат ғана қалған Алуаш анамызға әулеттің ағайындары келіп, жыраудың сандық толы қолжазбасын бейітіне апарып көмеміз деген сылтаумен алып кеткен.
Бұл күндерi жырауды көзi көргендер мен жырымен сусындаған көнекөздер қатары сиреп қалған. Олардың естелiктерi және тиiстi мекемелерден сұрау салу арқылы алынған мұрағаттық деректерiн жинау нәтижесiнде мұрағат қорын молайттық. Өз әулетімізде сақталған әңгімелер бар. Сол арқылы дәйектi мағлұматтар алудың сәтi түстi. Дегенмен, сол кезде жолғалған қолжазбаға да қол жеткіземіз деген үмітім бар. Өз басым жасымнан Жаппарберді жырау мұрасын игеруді, өлкеміздің ән-жыр дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктерін тануды мақсат еттім. Қазір де ізденістерімнің барлығы осы бағытта.
– Осы ізденістерің жөнінде кеңірек айта кетсең...
– Ізденiстерім арқылы өнердi жан-жүрегiмен түсiнетiн қауым үшiн бағалы жаңалық ұсынғым келеді. Мектеп жасынан қолыма домбыра алғандағы мақсатым да осы болатын. Бірақ, сүлейлер сөзін терең ұғыну үшін алдымен тіл маманы ретінде сараптама жасауым керектігін түсіндім.
Осы мақсатта 2009 жылы Ақтөбе мемлекеттік институтына оқуға түсіп, 2013 жылы филология факультетін бітірдім. Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне дәстүрлі музыка өнері мамандығына облыс әкімінің гранты бойынша оқуға қабылдандым.
Осы екі оқу орнында жүріп Батыс пен Сыр бойы жыршылық мектебімен жалпылама танысып, екі жыр мектебінің де мақамдарын еркін меңгеруге мүмкіндігім болды. Бұл тұрғыда менің ата жолын жалғап, дәстүрлі өнерге бет бұруыма ықпалы зор ұстазым, белгілі жырау Айбек Тәңірбергеновты, университет қабырғасында орындаушылықтың қыр сырын үйреткен Руслан Ахметовты ерекше айтқым келеді.
– Сонымен, өнердегі алғашқы қадамың ата мұрасын түгелдеу дейсің ғой... Өмірлік ұстанымың қандай?
– Әрине, солай... Кімнің болсын өнерге, тіпті, өмірге алғашқы қадамы айналасын, тегін танудан басталады. Бұл менің атаның іздеушісі болуға басқан алғашқы қадамым деп ойлаймын. Мұнан бөлек, дәстүрлі өнерді насихаттауға да азды-көпті үлесімді қосып келемін.
Қазіргі таңда облыстық филармония әртісі ретінде де көптеген сахналардан көрініп жүрмін. Түркі дүниесінің ортақ мұрасы, қаһармандық эпосы «Қорқыт ата кітабының» өзінде «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» деген нақыл бар. Осы сөз менің өмірлік ұстанымын деуге де болатын шығар.
Жаппарберді туралы арнайы зерттеулер жүргізілмеген, нақты деректер сақталмаған. Дегенмен, қолда бар аз-маз мағұлматтарды жинай отырып, тарих қойнауына саяхат жасап, шығармашылық еңбектерін қазіргі және келешек ұрпаққа аманат етуді өзіме парыз санадым.
– Әңгімеңе рахмет!




16 шілде 2018 ж. 917 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области