Қамшыбек Қоңқабаев: «Арман, мақсат, еңбек – биікті аласа, алысты жақын қылады»
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өткен жылы атқарған жұмыстары төңірегінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жақында ғана бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болып сайланған Қамшыбек Қоңқабаев та қатысты. Жиын соңында боксшымен Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі аз-кем әңгімелесті.
– Жақында ұлттық құрамаға капитан болдыңыз. Құтты болсын!
– Рақмет! Мен үшін үлкен жауапкершілік. Құрамадағы барлық жігітке үлгі болып, команданың жоғары жетістіктерге жетуіне жұмыс істеуіміз керек. Жұдырықтай жұмылып елдің, жаттықтырушылардың сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз. Биыл бокстан республикалық спартакиада Қызылорда облысында өтеді деп жоспарлануда. Бұл істі қолға алып, аяғына дейін жеткізген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимовқа алғыс білдіреміз. Аймақтағы жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, осы жылы Әлем және Азия чемпионаттары өтеді. Сол жерде олимпиадаға жолдамалар сарапқа салынады. Арманым – сол жерде жетістікке жетіп, олимпиадаға қатысу. Олимпиададан тек алтын аламын деп өзіме мақсат қойып отырмын.
– Оған дайындығыңыз қалай? Қайда жаттығып жүрсіз?
– Өзіңіз білесіз, шеберлігіміз, шыдамдылығымыз дайындықта шыңдалады. Қазір Алматыдағы AIBA бүкіләлемдік бокс академиясында арнайы оқу-жаттығу жиындары өтуде. Сонда Болгарияда өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз. Одан кейін Тайландта өтетін Азия чемпионатына да өте аз уақыт қалды. Құрамадағы жігіттер бір-біріне мотивация беріп, жеңіске деген құлшынысын арттыруда. Осы додаларда топ жарсақ дейміз. Біз үшін кез келген жеңіс маңызды. Ол спортшыға сенімділік береді.
– Қызылордада ұлттық құрамаға кіретін қандай жас боксшылар бар?
– Қазір Қызылордадан менен бөлек тағы екі жігіт Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Тұрсынбай Құлахмет және Бағдат Уайдаевтар. Бұйырса, болашағынан көп үміт күтіп жүрген қызылордалық боксшыларымыз бар. Олар: Дулат Дәутов, Сабыржан Әбілов, Оңталап Рахманов, Қуандық Жүсіп. Бұл жерлестерімізді де келешек Ұлттық құраманың сапынан көресіздер.
– Болашақта кәсіпқой боксқа кету ойыңызда бар ма?
– Кәсіпқой боксқа әзір бармаймын. 2020 жылы Олимпиада ойындары өткеннен кейін ойланамын.
– Бокстағы идеалыңыз кім?
– Біреуге еліктеп өмір сүргім келмейді. Спортта өз ізімді салғым келеді.
– Жас та болсаң өмірде, спортта көп тәжірибе жинадың. Іні-қарындастарыңа қандай кеңес айтасың?
– Арман. Мақсат. Еңбек. Осы үш қасиет биікті аласа етіп, алысты жақындатады. Еңбектенсең, нәтижесі айқын көрінеді. Қашанда бірінші болуға талпыну керек. Тек спортта ғана емес. Кәсіпте, білімде, өмірде қандай да бір іс-әрекет жасасаң да тек бірінші орында, алдыңғы қатардан көрін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Фариза ОМАРОВА