Балаңыздың кіндігін кім кесті?
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. …Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды. …Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан
Балаңыздың кіндігін кім кесті? Бұл сұраққа көбінің жауап бере алмасы анық. Өйткені, халқымыздың «кіндік кесу» дәстүріне немқұрайлылық танытып жүргеніміз жасырын емес.
Қазақтың кіндік кесу салтына аса мән беретін жұрт алдын ала баланың «кіндік шешесін» таңдап, арнайылап ол адамға қолқа салатыны белгілі. Ал қазіргі таңда «кіндік шеше» рөлін перзентхана мейірбикелері «атқарып» жүр.
Жалпы, кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс. Ел ішінде баланың «кіндік шешесі» болуға әйелдер дайын тұрады. Бұрын әйелдер арасында «жол менікі» деп таласатын кездері де болған. Қазақы дәстүр бойынша ақ жаулықты әжелеріміз баланың «кіндік шешесін» таңдап, оған «кіндік кесер» кәдесін ұсынатын болған. Жөн-жоралғы жасалғаннан кейін де «кіндік шешенің» балаға деген құрметі, баланың екінші анасына деген ілтипаты таусылмайды. Яғни, «кіндік шеше» бала анасы іспетті құрметке ие болады. Ол да кіндік баласын өз балаларынан кем көрмеуі қажет. «Кіндік шеше» кейін де баланың үйінен өз қалаған затын алуға қақысы бар.
Кіндік шеше босанған әйел аяқ-қолын бауырына алып, денсаулығы қалпына келгенше 4-5 күн нәрестесінің күтіміне, үй шаруасына жәрдем беріп, қолғабыс етеді. Кіндік шешенің балаға деген қамқорлығы бала өсіп, ержеткенде де жалғаса береді.
Баланың кіндігі түскеннен кейін де жасалатын ырымдар көп. Мәселен, ер бала «елінің қорғаны болсын» деп, оның түскен кіндігін ат шаптырым жерге апарып көмеді. Ал қыз баланың кіндігін «оттың басын берік ұстап, отбасының ұйытқысы болсын» деп, от орнына немесе табалдырыққа көмеді.