Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШІРКЕЙЛІ – ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕ

ШІРКЕЙЛІ – ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған, осы сала бойынша берілген тапсырмалары мен міндеттер жедел орындалуда. Бағдарламалық мақалада: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ», - делінген. Осындай рухани, қастерлі жерлер мен көне қоныстар Сыр бойында да аз емес. Солардың бірқатары Сырдария ауданы аумағындағы асарлар.  
Сырдария ауданы аумағынан өтетін үлкен күрежолдың оңтүстік беткейіндегі қос төбе – Шаған елді мекеніндегі Үлкен және Кіші асарлардың жалғасы болып саналады. Бұл жерге 2015 жылдан бастап Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы (орталық жетекшісі археолог Әзілхан Тәжікеев) қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі қаланың орнын анықтаған. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде құнды жәдігерлер табылып, қаланың өмір сүрген мерзімін анықтауға үлкен септігін тигізген.
Өңірде Қос асар қалашықтары Сырдариядан басқа Қармақшы ауданында орналасқан. Қармақшыда асарлар өте көп. Онда Үлкен және Кіші Қос асар қалашықтары болса, Сырдарияда ауданында (бұрынғы Тереңөзек) Қос асар І, Қос асар ІІ қалашықтары бар. Осылардың ішіндегі Шіркейлі ауылынан солтүстік-батысқа қарай 6 шақырымда орналасқан Қос асар ІІ қалашығын археологтар б.з. Ү-ІХ ғасырларды қамтиды деп мерзімдеген. Жетіасар мәдениетінің жұрнағы саналатын қалашықты зерттеушілер үш мәрте бұзылып, қайта тұрғызылған деп пайымдайды.
Негізінен, Қос асар ІІ қазіргі уақытта тұрғын үйлер мен құрылыс орындары ғана сақталған шағын қала орны болып табылады. Қос төбенің шығыс асары цитаделінің диаметрі 50 метр, оның сақталған биіктігі 8 метр. Ал батыс асар цитадель мен алаңы бар дұрыс дөңгелек формалы. Цитадельдің сақталған биіктігі 10 метрге жетеді. Осы батыс асарға жүргізілген қазба жұмыстары барысында үлкен және кіші екі бекініс орны табылған. Сондай-ақ, бірнеше бөлмеден тұратын үй-жай анықталған.
Қазба жұмыстарының кезінде қолға түскен негізгі археологиялық материал – керамика. Оған қоса, қалашықтан сүйектен (бұғы мүйізі) жасалған бұйымдар, белдік доғасы, шыны бұйымдар, қола қазан тұтқасы, кішкене қола қоңырау, қайрақ тастар және мыс тиындар табылған. Бұл жерден көмір де шығыпты. Табылған қыш ыдыстар ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Сауран қалашықтарының ІХ-ХІІ ғасырлардағы керамикаларымен сәйкес келетінін көрсетеді. Мұнда Оғыз мемлекеті өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетін ошақтың орны да белгілі болған. Оны тазалау барысында қасқыр тісі мен қой сүйегінен жасалған тұмар мен ғұрыптық мақсатта қолданатын бүтін қыш ыдыс табылыпты.
Қос асар ІІ қалашығы туралы Шіркейлі ауылының ақсақалы Біләл ата Махашұлынан сұрадық. Қария қос төбенің батыс беткейіндегісі биік екендігін және кезінде мұнда 4 биік ағаштан тұрғызылған белгі беретін ошақ болғанын айтты. Оған адамдар 7 сатымен көтерілген екен. Кейіннен бұзып тастапты. Бұдан бөлек, ауыл ақсақалы кезінде елді мекен тұрғындары осының бойын қазып, алтын іздегенін де айтты.
– Қарақалпақстанда бір кемпір «Қос асардың бойына менің атам көзе алтынды тығып кеткен. Өзім барсам қай жерде екенін білемін» деген екен. Өзі қартайған болу керек. Осыны естіген тұрғындар Қос асардың айналасын қазып, алтынды таба алмапты дегенді естігенмін, - деген Біләл ата қалашықтың маңында жерленген Бәттәл батыр туралы аңыз-әңгімеге тоқталды.
Аңыз бойынша, 18-20 жас шамасындағы Бәттәл батыр бір жорыққа кеткенде ауылын қарақалпақ сарбаздары шауып, малын айдап кетеді. Батыр жорықтан келгенде азан-қазан болып жатқан ауылындағы жағдайды біліп, қарақалпақтардың артынан қуады. Жауды қуып жетіп, жалғыз өзі шайқасады. Көпке жалғыз қарсы шыққан соң батыр жараланады. Алайда жауды талқандап, ауылын азат етеді.
Шайқастан ауыр жараланған жас батыр жолда Қос асар ІІ қалашығының тұсында әбден әлсіреп, аттан құлайды. Осы жерде ол жан тәсілім еткен. Ал батырдың аты өз үйін тауып келгенде әкесі баласын іздеп, қалашық жанынан денесін табады. Тапқан жерде ұлын арулап көміп, жер қойнына табыстайды. Содан біршама уақыт өткенде баласының бейітіне келген әкесі жылап отырып «Бәттәлжан» деп айқайлайды. Сол мезетте «Ләпбай, әке» деп баласы үн қатады. Осылай екеуі бірнеше мәрте тілдесіп, әкесі үйіне күлімдеп келетін болған.
Мұны көрген батырдың анасы «Ұлыңның бақилық болғаны кеше ғана. Күлесің де жүресің. Жын ұрғаннан саумысың?» дегенде, батырдың әкесі барлық мән-жайды түсіндіреді. Оны естіген анасы да баласымен тілдескісі келетінін жеткізеді. Әкесі жарынан жыламауын талап етіп, екеуі қалашық маңына келген. Әдеттегідей, әкесі «Бәттәлжан» дегенде «Ләпбай, әке» деген дауыс шығады. Осы мезетте анасы көз жасына ерік беріп, жылап жіберген.
Мұнан кейін барғанда әкесі баласымен тілдесе алмайды. Қанша айқайлағанымен, үн шықпайды. Ал келесі келгенінде алыстан батырдың дауысы естіледі. «Әке, мен терең судың астында жатырмын» деген дауыс еміс-еміс естіліп, содан кейін үн шықпаған. «Міне, содан бері өмірден өткен кісінің артынан көп жылауға болмайды деседі» деді аңыз-әңгімені аяқтаған Біләл қария.
Шынында, біз Қос асар ІІ қалашығына барғанымызда солтүстік-батысқа қарай 200-250 метр жерде Бәттәл батырдың бейіті тұр. Оны ұрпақтары кірпіштен жаңалап тұрғызған екен.
Археологтар Шіркейлі ауылы аумағындағы Қос асар ІІ қалашығына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлерді тауыпты. Қалашыққа қазба жұмыстары толық жүргізілсе, әлі де көптеген құндылықтарға қол жеткізеріміз анық.
Көне қаланың орны ашылса, бұл жер туристік нысанға айналуы да әбден мүмкін. Оған қоса, Жетімасар қалашығында да тұнып тұрған жәдігер, анықталмаған сыр бар екені айқын. Бұған да археологиялық жұмыстар жүргізілсе, талай болжамдардың расталуына мүмкіндік болар еді.
02 тамыз 2018 ж. 1 211 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области