Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АСАДАЛ

АСАДАЛ


Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залында орналасқан асадалға тіл бітсе, біраз тарихтан сыр шертетіні анық. Асадал – тамақ және ыдыс-аяқ сақтайтын үй жиһазы, кебеженің бір түрі.
«Асадал» сөзінің этимологиясы "ас" және "адал" сөздерінің бірігуімен байланысты, яғни «астың адал болуы», «астың адал һәм таза сақталуы» деген ұғымды білдірсе керек.
Асадал түркі халықтарының арасында кең тараған жиһаз болып табылады. Жиһаздың бұл түрі кебежеге қарағанда биіктігімен ерек, қазіргі таңдағы «шкаф немесе буфет» формасына келеді. Бүгінгі таңда қолданыста жүрген үй жиһаздары қайта жаңғыртылған көне дүниелер десек, артық айтқандығымыз емес.
Аталған асадал музей қызметкерлерінің экспедициясы кезінде Қазалы өңірінен табылып, 1982 жылы облыстық музей қорына өткізілген. 
Асадалдың авторы ̶ ХХ ғасырдың І-жартысында Арал-Қазалы өңіріне танымал болған Қарайғыров Әжімбет есімді ағаш ұстасы.
Ол 1888 жылы сол өңірде дүниеге келген. Зобалаң жылдары, яғни 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, 1953 жылы ақталған.
Музей қызметкерлері тарапынан жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары асадалдың бетінде халық арасында «Қараның Әжісі» деген есіммен таныс ұстаның тал бесіктен көр бесікке дейінгі басынан өткерген өмірін ою-өрнектер көмегімен суреттегінін көрсетті.
Бір қызығы, аталған асадалдың осындай ерекшелігін Қазақ ССР-нің Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков Сыр өңіріне келген бір сапарында байқап, қызығушылық танытыпты. Мұны айтпай кетпеске болмайды. Сол кездегі музей қызметкерлерінің айтуынша, Жәнібеков Өзбекәлі ағамыз  асадал бетіндегі ою-өрнектерге сипаттама берген.
Қазақ өнерінің жанашыры атанған Ө.Жәнібеков ұстаның балғын балалық шақтан егде тартқан кезіне дейінгі қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмір жолын ою-өрнектер тілімен баян еткенін және аталмыш асадалдың қазақ даласында өте сирек кездесетінін айтып кеткен екен. Асадалға берілген бұндай баға музей қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының дұрыс бағытта екенін дәлелдей түскендей.
Жиһаздың бұл түрі қазіргі уақытта елімізде сақталған басқа асадал түрлеріне ұқсамайды және өзіндік пішіні және ою-өрнектерімен ерекшеленеді. Асадал екі бөліктен тұрады: жүкаяғы және негізгі бөлігі. Асадалдың ашпалы екі есігі және ішкі бөлігінде екі сөресі бар. Асадалдың маңдай тұсы өсімдіктектес оюлармен ойылып, қаз мойын тәріздес өрнектермен өз нақышын тапқан.
Ал, асадалдың бет жағы, яғни қос есігінде қауызын жарған жауқазын, үш гүл, өткізбе, ағаш тәріздес оюлар алма кезек бедерленіп, жиектері космогониялық өрнектермен безендірілген. Ою-өрнектердің бір-бірімен дәл осылай қиылысуы, үйлесуі, шебердің ұсталық өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді. Асадалды жасау барысында ақ, қара, қызыл және сары түстер пайдаланылған.
Облыстық музей қорында сақтаулы құнды экспонаттар қатарынан орын алған асадал музейге келушілердің қызығушылын тудыруда.
Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің бөлім меңгерушісі
14 тамыз 2018 ж. 1 535 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области