Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СЫРЫ МОЛ САРАМАН-ҚОСА МҰНАРАСЫ

СЫРЫ МОЛ САРАМАН-ҚОСА МҰНАРАСЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»., - деп атап көрсеткен болатын. Бүгін Қазалы ауданындағы осындай тарихи-мәдени ескерткіштуралы әңгімелемекпін.
Қызылорда облысы Қазалы ауданы Кәукей ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан жергілікті жұрт Сараман-Қоса деп атайтын саз кесектен соғылып, сырты күйдірілген сарғыш түсті кірпішпен қапталған мұнара бар. Оған көне дәуірдің көрнекті тарихи-мәдени сәулет ескерткіші ретінде республикалық дәрежеде қорғауға алынып, мемлекет тарапынан жаңғырту-сақтау шаралары жасалып келеді.
Кіреберіс есігі солтүстік-батысқа қараған, жоғарғы бөлігінде (от жағып белгі беретін) кісі бойы ойық қалдырылған. Зерттеушілердің жобалауынша мұнара ХҮІ-ХҮІІ ғ.ғ. мерзімделеді. Бұл ескерткіштің (күйдірілген кірпіштермен) жаңғырта қапталған сыртқы бөлігінің кезеңдік жасы болса керек. Қам кесектен салынған бастапқы ішкі құрылымының хронологиясы кесек құрамына, көлеміне қарай ҮІІ-Х ғ.ғ. меңзейді.
Ескертікш республикалық дәрежеде қорғауға алынып, мемлекет тарапынан қорғауға алынған десек те, оның атауының қандай мағына беретіндігі, тарихи-деректік желісі жөнінде нақты тұжырымдар көбіне-көп айтылмайды.
Зерттеушілер тек жергілікті кісілердің «солай болуы мүмкін» деген болжамдарына ғана жүгінуде. Оның да бірнеше нұсқасы бар, «Сараман-Қоса» - Сараман атты жігіт пен Қоса деген қызға, яғни ғашықтарға соғылған белгі мұнара; «Сары-Аман-Қоса» есімді ағайынды үш жігіттің тұрғызған мұнарасы; «Сарман қожа» «Сарман Көсе» т.б. осылай кете береді.
Жалпы, мұнара тұрғызудағы мақсат барынша алысқа мәлімет беру немесе мәлімет алу (мешіттегі мұнараларда халыққа намаз уақыты кіргенінен белгі беріп - азан айту; күзет мұнараларында тұтқиылдан жау шапқанда от жағып, түтіндетіп белгі беру; жаугершілік кезеңдерде қарауыл қарау, теңіз жағалауларында шам арқылы кемелерге бағыт-бағдар нұсқау сияқты).
Бұл тарихи мұнараның жоғарыда аталып жүрген болжам-атаулары қате болуы ықтимал. Бұл ноғайлы (оғыз-қыпшақ) дәуірінің атақты батыры Көкшеұлы Қосайдың тұрғызған мұнарасы, тұлпарының аты Сары болғандықтан ел-жұрт қосарлап айтып Сары мен Қосай деп атаған болуы керек. Ертедегі батырлармен қоса олардың (Шалқұйрық, Байшұбар, Тайбурыл, Тарлан т.б.) тұлпарларының да даңқы қосарлана мадақталуы тарихи дәуірлерде туған жыр-эпостарда көп кездеседі. Бұл дегеніміз сонау сақ, ғұн, үйсін заманындағы ата-бабаларымыздың кейінгі және бүгінгі ұрпақтарына дарыған жылқықұмарлық қасиеті болса керек. Ит, мысыққа табынған Мысырды мысалға алып, ата тегіміздегі жылқы төліне деген ерен сүйіспеншілікті ғылыми тұрғыда «тотем» деп төтелеп атап, үстірт ойлаудың қажеті жоқ. Қазақ жерін мекен еткен көне тайпалардың қай дәуірінде болмасын (жаугершілікте, көші-қонда, шаруашылықта т.б.) жылқы малы ерекше құрметке ие.
Осылайша дыбыс үндестігіндегі ілгерінді ықпал, кейінгі ықпал дегенді ескерсек «й» әрпі ауыздан-ауызға тарап, айтыла келе өздігінен жоғалып, Сары мен Қосай – Сараман-Қоса болып өзгеруі мүмкін. Мәселен, «еки пчак» (екі пышақ – қыпшақ тайпасының таңбасы) деген сөздерге де кейінгі ықпал әсер етіп, уақыт өте келе «қыпшақ» сөзіне айналғаны сияқты (О.Сүлейменов «АЗиЯ»). Жоғарыдағы деректерге жүгіне келе «Сараман-Қоса» мұнарасын «Сараман», «қожа», «көсе» дегеннен гөрі – «Сары мен Қосай» мұнарасы деуге негіз бар. Ноғайлы дәуірінің көрнекті эпосы «Ер Қосай жырында» Қосай батырдың Сары есімді тұлпары ерекше мадақталып, «сары» деген сөз көптеген жерде кездеседі (мысалы: Ақсары би).
Бүгінгі таңда тілімізде «сары ноғай, ноғайсары» деген сияқты теңеулердің бар екені ақиқат. «Ер Қосай жырында» да осы түсті ерекшелеуге ден қойылады.
Тарихи-әдеби сөздердің ауыздан-ауызға айтыла келе өзгерістерге түсіп отыруы уақыт ықпалы. Ноғайлы заманындағы даңты қолбасшы Алып-Мамыш (Бәміш-Байрақ) батырдың ерлік жырлары бүгінгі таңға Алпамыс батыр эпосы болып жеткендігі (қырғыздарда Манас жыры) жөнінде әйгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегінде дәйекті талдаулар жасаған. Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі: Сараман-Қоса (Сары мен Қосай), Бегім-Ана, Орақ батыр, Ұзынтам секілді мұнаралар, Сырлытам (Бәміш-Байрақ кесенесі), Көккесене (Гүлбаршын бейіті), Бұланды (Қобыланды яки Оғыланды), Бәбіш-Мола (Бәміш-Мола), Асанас кесенелері сияқты сәулет ескерткіштерінің қазақ елінің тіпті, Орта Азия халықтарының тарихынан ойып тұрып алар орны бар. Дамудың даңғыл жолына түссек-дағы өнегелі өткенімізге мән беретін, келелі келешегіміз үшін қажет кезде жан беретін арда туған азамат болу міндет.
Осындай шежірелі ескерткіштерімізді зерделеп, көз қарашығындай сақтау - шыбын жанын шүберекке түйіп, қараниет жауларына қасқая ұмтылған, атақоныс жері мен ұрпағы үшін қанын төккен ата-бабалар алдындағы бүгінгі буын мен келер ұрпақтың парасатты парызы.

О.ӘНЕСҰЛЫ

29 тамыз 2018 ж. 987 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области