Қызылорда облысында 56 су басу аймағы бар
Kyzylorda-news.kz. Биыл өңірімізде су басудан қорғаныс бөгетінің 26 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлімдеді.
"Облыс аумағында 56 су басу аймағы белгіленіп, оларға 425 арнайы техникасы және 1269 адамы бар 111 мекеме бекітілген. Соған сәйкес, су тасқыны кезеңінде қала және аудан әкімдіктері тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырып, өзен арнасы бойына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Облыс аумағында су тасқыны ықтималдығына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ 2 тікұшағы дайындыққа келтірілді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталғанға дейін азаматтық қорғаудың барлық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріледі", - деді Асылбек Өмірбекұлы.
Сонымен қатар, облыстың шалғай орналасқан елді мекендерінде өрт сөндіру бекетін құру бойынша жоспарланған 16 өрт бекетінің 13-і құрылып отыр. Жыл соңына дейін қалған 3 өрт бекетін ашу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері жоқ шалғай орналасқан елді мекендердегі өртті дер кезінде сөндіруге септігін тигізеді.