Қызылордада «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс көлемінде «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция департаментімен Қызылорда облысына кіретін жолдар мен шеп бекеттерінде пиротехникалық бұйымдарды автокөліктермен тасымалдау тәртібін және сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау мақсатында облыс көлеміндегі базарлар мен сауда орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, Қызылорда қалалық ЖІІб-не облыс аумағындағы барлық бекеттерде темір жол қозғалысы арқылы сертификатталмаған өнімдерді тасымалдаудың жолын кесу, анықтау жөнінде нұсқаулар жолданды. Мереке қарсаңында балалар арасында жарақат алуды болдырмау мақсатында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша барлық білім беру мекемелерінде ювеналды полиция инпекторларымен кәмелетке толмағандар тарапынан пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың жолын кесуге назар аударылып, қауіпсіздік шаралары туралы дәрістер өткізілуде.
Елді мекендерде және бұл үшін бөлінбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына отшашу мен басқа да пиротехникалық заттарды пайдаланғанда қарапайым қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы 2020 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғасатын болады.